Бір алқаға сыйған қуаныш
3 қыркүйек күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында ана мәртебесін асқақтатып, көпбалалы отбасыларға құрмет көрсеткен салтанатты шара өтті. Жиында өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған аяулы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.Салтанатты жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ақ жаулықты аналарды айтулы марапаттарымен құттықтап, олардың ел демографиясына және қоғамның дамуына қосып отырған үлестерінің маңыздылығын атап өтті. Ана еңбегінің өлшемі жоқ екені, дүниеге келген әрбір перзенттің ел болашағына қосылған үлес екені айтылды.
Мемлекет басшысының №1363 Жарлығына сәйкес, аудан бойынша 10 ана мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 1 ана – «Алтын алқа», 9 ана – «Күміс алқа» иегері атанды.
Марапаттау сәті ерекше толқынысқа толы болды. Ақ жаулықты аналардың кеудесіне тағылған алқалар сырт көзге жарқыраған әсем әшекей болып көрінгенімен, оның әрқайсысының артында тұтас бір ғұмыр жатыр.
Әрбір ана үшін перзентінің дүниеге келуі – өміріндегі ең үлкен қуаныш. Оның алғашқы қадамы, алғашқы сөзі, мектеп табалдырығын аттауы, азамат болып қалыптасуы – ананың жүрегінде сақталатын қымбат естеліктер. Бір қарағанда, көзге көрінбейтін осы қуаныштардың барлығы бүгінгі марапаттың мәнін одан әрі тереңдете түсті.
Марапат иелерінің қатарында Бала би ауылының тұрғыны, 7 баланың анасы Жанат Үмбетбаева да бар. Ол көпбалалы ана ретінде «Алтын алқа» мемлекеттік наградасына ие болды.
Марапаттан кейін өз әсерімен бөліскен ана бұл күннің өзі үшін ерекше толқынысты сәт болғанын айтып, аналық жүрегіндегі қуанышын жеткізді.
– Бұл марапат – мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Кеудеме «Алтын алқа» тағылған сәтте жүрегім ерекше толқыды. Себебі бұл алқадан мен өзімнің ғана еңбегімді емес, жеті баламның әрбір қуанышын, әрбір жетістігін көргендей болдым. Ана болу – үлкен бақыт. Сонымен бірге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Баланы дүниеге әкелу бір бөлек болса, оны жақсы адам етіп тәрбиелеу – одан да үлкен міндет. Әр баланың өз мінезі, өз арманы, өз жолы бар. Солардың әрқайсысының болашағына алаңдап, жақсы азамат болып өссе екен деп тілеп отырасың. Әрине бала тәрбиесінде қиындықтар да болады. Кейде шаршайсың, кейде уайымдайсың. Бірақ балаңның күлкісін естігенде, жетістігін көргенде бар қиындық ұмытылып кетеді. Перзенттеріңнің амандығы мен қуанышы – ана үшін ең үлкен марапат. Бүгінгі «Алтын алқаны» мен жеті баламның анасына көрсетілген құрмет деп қабылдаймын. Бұл мәртебе маған балаларымды дұрыс тәрбиелеп, елге пайдалы азамат етіп өсіруге деген жауапкершілігімді одан әрі арттыра түсті. Барлық көпбалалы аналарға құрметім ерекше, – деді ол.
Кездесуде марапатталған аналарға ақжарма тілектер айтылып, олардың құрметіне әннен шашу шашылды. Салтанатты шараның әр сәтінен анаға деген ізет, отбасы құндылығына деген құрмет анық сезіліп тұрды. Марапаттау рәсімі – ана еңбегінің бағасы мен оның қоғамдағы биік мәртебесін айшықтаған тағылымды сәт болды. Кеуделеріне тағылған «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» – жай ғана мемлекеттік награда емес, аналардың отбасы мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған жылдарының, төккен тері мен еткен еңбегінің символындай.
«Бір алқаға сыйған мың қуаныш» дегеніміз де осы. Бір ғана марапаттың астарында ананың талай жылдық ғұмыры, перзенттерінің күлкісі, отбасының берекесі мен ұрпаққа деген үлкен жауапкершілік жатыр.
Салтанатты басқосу ана еңбегінің ешқашан елеусіз қалмайтынын, ұрпақ тәрбиесіне қосылған әр үлестің ел болашағымен сабақтас екенін тағы бір мәрте көрсетті. Аналардың ел алдында еленуі олардың отбасындағы ғана емес, қоғамдағы орнының да биік екенін айқындай түсті.
Айнұр ИБРАШЕВА
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ








