АУДАННЫҢ АРДАҚТЫ АНАЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Ауданда көпбалалы аналарға деген құрмет пен ізет тағы бір мәрте көрініс тапты. Өнегелі өмірімен ұрпақ тәрбиелеу ісінде өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан 18 анаға Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік наградалар табысталды. Оның ішінде 7 ана «Алтын алқа», 11 ана «Күміс алқа» иегері атанды.Аудан әкімі салтанатты жиында аналарды шын жүректен құттықтап, олардың қоғам мен ұрпақ тәрбиесіндегі орнын ерекше атап өтті.
– Ана – тіршіліктің тірегі, ұлттың ұйытқысы. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, ұрпақ тәрбиесіндегі үлгі боларлық өнегелеріңіз – еліміздің болашағы үшін баға жетпес мұра, – деді аудан басшысы Айтбай Жандарбеков.
Салтанатты шара барысында аналарға арнайы төсбелгілер мен марапаттар табысталып, гүл шоғы ұсынылды. Жиында ақсақалдар кеңесінің төарағасы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Исабек Байкенжеев, мәслихат хатшысы Мұрат Тұрабаев, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова сөз сөйлеп, жылы лебіз, ізгі тілектерін айтты.
Мемлекеттік марапат иегерлерінің бірі – Жазира Дарменова. Ол – жеті бірдей ұрпақты дүниеге әкеліп, өсіріп отырған аяулы ана. Бұған дейін, яғни 2022 жылы «Күміс алқа» төсбелгісін иеленген Жазираның жолы – бүгінгі жас аналарға үлгі боларлықтай.
– Алла берген екі қыз, бес ұлым бар. Үлкенім 16 жаста, ал кенжем қаңтарда 2 жасқа толады. Бар уақытымды балаларыма арнаймын. Тәрбие мен мейірім – ананың басты қаруы. Сол арқылы балаға дұрыс жол көрсетеміз, – дейді Жазира Жапбарқызы.
Ол – тек көпбалалы ана ғана емес, отбасындағы берекенің, ұйытқының символы. Бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған жанның еңбегі елеусіз қалмай, мемлекет тарапынан жоғары марапатқа ие болуы – қоғамның аналарға деген зор құрметінің айғағы. Мұндай аналардың табанды еңбегі мен төккен тері – ұлт болашағы үшін жасалған өлшеусіз еңбек.
Марапат иелерінің арасында әр салада еңбек еткен, қиын-қыстау кезеңдерде де отбасын береке-бірлікпен ұстап, бірнеше ұрпаққа тәлім берген аналар бар. Олар – тек өз шаңырағының ұйытқысы ғана емес, ауыл-аймаққа сыйлы, көпке өнеге болатын жандар.
Салтанатты шара барысында аналар алғыстарын білдіріп, ел тыныштығы мен ұрпақ болашағы үшін еңбек ету – аналық борыш екенін айтты.
– Бүгінгі алған марапат – мен үшін үлкен жауапкершілік. Балаларымды елге адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тырысамын. Ел аман, жұрт тыныш болсын, – деді «Алтын алқа» иегері Гүлжанат Ерланқызы.
Мұндай игі шаралар қоғамда әйелге деген құрметті арттырып қана қоймай, жас аналарға мотивация берері анық. Өйткені көпбалалы аналардың еңбегі – ерен, ал оларға көрсетілетін марапат – мемлекетіміздің демографиялық және әлеуметтік саясатының бір бағыты.
Айта кету керек, бүгінде аудан бойынша 1022 ана «Алтын алқа», 1486 ана «Күміс алқа» иегері атанған. Бұл – Шиелі өңіріндегі аналардың перзент тәрбиесіне сіңірген еңбегінің, көпбалалы бола тұра қоғамдық өмірге де белсенді араласуының бір көрінісі.
Гүлхан ЯХИЯ,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ








