АНАЛАРҒА АРНАЛҒАН АЛТЫН СӘТ
Жер бетінде ананың жүрегінен асқан мейірім жоқ. Ана алақанының жылуы – өмірдің мәні, ал ананың махаббаты – ұрпақтың шамшырағы. Қазақ халқының: «Ана – ұлттың ұйытқысы, отбасының тірегі» деген дана сөзі осы күнге дейін өз мәнін жоғалтқан емес. Ана баласына барлық қуанышты, барлық қайғыны бірге көтеретін, оның болашағына бағыт сілтейтін, өмірдің ең қымбат қазынасын тәрбие мен біліммен байытатын ұлы тұлға.Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен ерекше шарада осындай асыл аналарымыз құрметке бөленді. Көпбалалы аналарды марапаттау рәсімінде 23 ана «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» наградаларымен марапатталды. Салтанатты жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова, қоғамдық кеңестің төрағасы Қаблеш Бекішев және аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найлә Палымбетова қатысты. Олардың әрқайсысы көпбалалы аналардың қоғамдағы рөлі мен ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегін жоғары бағалап, шынайы алғыстарын жеткізді. – Көпбалалы ананың жүрегі – сарқылмас мейірімнің қайнары, оның шексіз махаббаты – өмірдің шырағы. Сіздер – еліміздің болашағын тәрбиелеп отырған алтын жандарсыздар. Қоғамның ең үлкен байлығы – саналы ұрпақ десек, сол ұрпақты аялап өсірген аналар қандай мадаққа да лайық. Бүгінгі таңда, Мемлекет басшысының №1005 Жарлығына сәйкес аудан бойынша 23 ананың 8-і «Алтын алқа», 15-і «Күміс алқа» иегері атанды. Бұл – сіздердің өлшеусіз еңбектеріңізге деген мемлекеттің шынайы алғысы мен құрметі, – деді аудан басшысы. Марапаттау рәсіміне қатысқан аналар да өздерінің қуаныштарын жасыра алмады. Алтын алқа иегері Аружан Мейрамханқызы басқосуда сөз сөйлеп, ыстық ықыласын білдірді. – Бұл марапат мен үшін үлкен мәртебе. Алғашында көпбалалы ана болу – менің өмірімдегі ең үлкен жауапкершілік еді. Бірақ бүгінгі құрмет менің еңбегімнің бағаланғаны мен ұрпағымның болашағына деген үмітімнің нақты бір көрінісі болды. Менің балаларым тек жақсы адам болып өсуі үшін ғана емес, олар өз елін, өз ұлтын сүйетін, оны қорғауға дайын азаматтар болып өсуі үшін ең жақсы тәрбие алуы тиіс деп білемін. Бұл награда мен үшін тек жеке жетістік емес, еліміздің болашағына қосқан үлесіміздің белгісі, – деді А.Қалекеева. Әрбір ана тек өз баласын ғана емес, ұлты мен қоғамын да жақсы болашаққа бастайды. Марапатталған аналардың мейірімі мен тәрбиесі – ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, қоғамның алтын қазығы болып қала бермек.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ







