Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІ ДИПЛОМ АЛДЫ

КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІ ДИПЛОМ АЛДЫ

70 жылға жуық тарихи жолдан сүрінбей өтіп, Тәуелсіз еліміздің еңбек шамшырақтарын даярлауда биіктерден көрініп жүрген Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі уақыттың ұлы көшінде талай-талай асулардан асып, жұмысшы мамандарын даярлау жолында биік белестерді бағындырып келеді.
1958 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы «Еңбек Резервтері» Бас басқармасы, Оңтүстік аймақтық басқармасының шешімімен Бәйгеқұм қыстағында №97 Ауыл шаруашылығын механизацияландыру училищесі болып құрылып, бүгінде индустриалды бағытқа бет бұрған оқу орны бүгінгі таңға дейін 18 000-ға жуық шәкіртін білікті маман етіп даярлап, еңбек даласына аттандырды.
Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру кадрларының бәсекеге қабілеттілігін көтеру басты мақсаттарының бірі. Жас­тарды еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуда. Сондықтан болар бұл оқу орын қоғам сұранысын өтеп, өндіріс орындарына мамандар дайындауда. Атап айтар болсақ, «Уран өндірісі», «Геотехнологиялық ұңғымаларды жерастында жөндеу операторы», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану», «Тазарту құрылыстарының технологиялық жабдықтарын монтаждаушы», «Тазарту құрылыстарының операторы, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик», «Техник-механик» мамандарын оқытуда.
Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі жылдар бойы ауыл шаруашылығы, техникалық және өндірістік салаларға және еңбек нарығында сұранысқа ие мыңдаған жаңаша ойлайтын маман даярлап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосуда. Биыл да мәртебесі биік білім ұясы сара жолдан жаңылмай, оқу орнын аяқтаған түлектерді өмірдің жаңа белесіне шығарып салды.
Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада біз студенттердің қуанышына, ата-ана үмітінің ақталған сәтіне, ұстаздардың ерен еңбегінің жемісіне куә болдық. «Сәт сапар, жас маман!» атты диплом табыстау жиынына аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, колледж директоры Болат Сүлейменов, колледж ардагері Құлашбек ­Полатов, «KAP Logistics» ЖШС «Шиелі-Сұңқар» филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Ерлан Баймұхамедов арнайы қатысып, түлектерге ізгі тілеген жолдады. Сонан соң биылғы түлектерге салтанатты түрде диплом мен Алғыс хаттар табыстады.
Мерейлі сәтте колледж бітіруші түлектер атынан сөз сөйлеу үшін сахна төріне көтерілген №59 «Электр жабдықтары» оқу тобы білім алушысы Нұрасыл Сатыбалдиев:
– Құрметті ұстаздар, ата-аналар! Бізге білім мен тәрбие берген барша ұстаздарға алғысымыз шексіз. Колледж қабырғасында алған біліміміз өмір жолында сенімді серігіміз болмақ. Біз сіздердің сенімдеріңізді ақтап, егемен еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ететін боламыз! – деп алғаусыз алғысын білдірді.
Сонымен қатар мерейлі сәтте Шиелі индустриалды-аграрлық колледжін жақсыға бітірген түлектер жұмыспен қамтылып, мамандығына сәйкес шаруа қожалықтарына жолданды. Іс-шарада бітіруші оқу топтарының жетекшілері мен өндірістік оқу шеберлеріне Алғыс хаттар табыс етіліп, ұстаз еңбегіне лайықты баға берілді.
Әрі қарай іс-шара колледж студенттерінің концерттік бағдарламасы ұласып, өнерпаздар жиналған қауымға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Диплом табыстау рәсімі – тек оқу орнын аяқтау ғана емес, үлкен өмірге жолдама алатын тарихи сәт. Бұл күн – ұстаздардың маңдай терінің, ата-аналардың ақ тілегінің және студенттердің тынымсыз еңбегінің жемісі. Ендеше, білім мен еңбекті ту еткен жас түлектері мен мәртебелі мамандық иелеріне сәтті сапар тілейміз!

Мейіржан ИБРАГИМОВ
30 маусым 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (9416)

30 маусым 2026 ж.

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930