ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН ҚҰРМЕТ
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Шиелі өңірінде сөз құдіретін ту еткен рухани басқосу өтіп, ел ішіндегі әдеби орта ерекше бір серпіліс алды. «Қалам мен жырдың қос қыраны» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы қос қаламгер – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын әрі жазушы Алтай Айып пен ақын-журналист Тұрар Тоққұловтың шығармашылық мұрасына тағзым ретінде ұйымдастырылды.Бұл жыр аламаны – қарапайым поэзия жарысынан әлдеқайда кең ұғымды қамтыған рухани кеңістікке айналды. Мұнда әр шумақ – жүректен жарып шыққан шынайы сезімнің көрінісі, әр өлең – уақыт пен тағдыр тоғысындағы ой мен толғаныстың бедері іспетті болды. Шиелінің киелі топырағында өткен бұл додаға 16 мен 55 жас аралығындағы талапкерлер қатысып, барлығы 9 ақын өз бақтарын сынады. Әрқайсысы мінберге көтерілген сәтте өз әлемін ала келіп, тыңдарманды бірде терең ойға жетелесе, бірде сырлы сезімге бөлеп, поэзияның құдіретін айқын сезіндіре түсті. Жыр мен жүрек астасқан осы бір сәттерде сөз өнерінің салмағы ғана емес, рухтың биіктігі де ерекше байқалып, зал ішін ерекше бір толқу мен үнсіз құрмет биледі.
Мүшәйраның негізгі мәні – ұзақ жылдар «Өскен Өңір» газетінің бас редакторы қызметін атқарып, ел журналистикасы мен поэзиясын қатар өрген Алтай Айыптың 70 жылдық мерейтойын және Шиелінің шынайы талант иесі Тұрар Тоққұловтың 60 жылдық белесін ұлықтау, олардың шығармашылық жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету болатын.
Жиын барысында Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев, қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Бекішев, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі И.Байкенжеев, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет сөз алып, қос қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық болмысына кеңінен тоқталып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Жыр мүшәйрасы екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезең «Өскен өңірден өрілген өмір» деп аталып, қатысушылар Алтай Айып пен Тұрар Тоққұловтың шығармашылығын арқау еткен өлеңдерін ұсынды. Екінші кезеңде «Тәуелсіздікке тарту» тақырыбы бойынша Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған жырлар оқылып, елдік рух пен азаттыққа деген құрмет айқын көрініс тапты.
Қазылар шешімімен бас жүлде №49 мектептің мұғалімі Шыңғыс Құдайбергенге берілді. Екінші орын студент Дильназ Ержігітоваға бұйырса, үшінші орынды жергілікті ақындар Рахметулла Жолтаев пен Талғат Күзембаев өзара бөлісті. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталып, барлығы рухани олжамен тарқасты.
Осылайша, Шиелі төрінде өткен бұл жыр бәсекесі сөз өнеріне деген құрметті айқындап, өлең арқылы өрілген рухани байланысты тағы бір мәрте айшықтап берді.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
Фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ






