ЖҮРЕКПЕН ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР

Алтай Айып пен Руслан Бөлебай – Шиелінің рухани әлеміндегі екі шамшырақ. Бірі – газет бетінде шындықтың шырағын жақса, екіншісі – теледидар мен сахнада халықпен етене жақын жүрді. Екеуін де ел ұмытқан жоқ. Сол себепті де бірінші кезеңнің «Шиеліден шыққан қос шынар» деп аталуы тегін емес.
Бұл тағылымды кеш – оларды ұлықтау ғана емес, жаңа буынға рух пен адалдық жайлы сабақ болды. Ал аудан әкімінің қолдауымен Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімі мен «Қазалы-Жомарт» қоғамдық бірлестігі нің тапсыры аясында өткен байқау ел жадындағы ерлердің есімін елге қайта оралтты.
Бәйгеге ұсынылған екінші тақырып «Отаным – бақыт ордасы» деп аталды. Бұл – поэзия арқылы Тәуелсіз елдің тынысын, тарихының тағдырлы сәттерін, бүгінгі ұрпақтың жүрек соғысын жеткізуге жол ашты.
Мүшәйраға 9 ақын қатысты. Әрқайсысы – сөз өнеріне шынайы ықыласымен келген. Қаламдары жастықтың жалынмен суарылып, өлеңдері шын жүректен туған. Олар – болашақ руханият көшін алға сүйрейтін буынның жаршысы.
Сайысқа әділ төрелік еткен қазылардың өзі – ел руханиятының абыздары. Олардың қатарында қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Шарайна-Сейхун» газетінің басшысы Нұрмахан Елтай, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, Шиелінің «Құрметті азаматы», ардагерлер кеңесінің мүшесі Айжамал Әбдіхамитқызы болды. Олар әрбір өлең жолына терең үңіліп, тек көркемдікке емес, жүректен шыққан шындыққа мән берді.
Шешім әділ, марапат шынайы болды. І орын – қазақтың қара өлеңін термемен тұтастырған, елдік үн мен жүрек лүпілін тоғыстырған Рахметулла Жолтаевқа бұйырды. ІІ орын – өрелі ойымен ерекшеленген №157 орта мектеп оқушысы Еламан Кенжеш пен Қорқыт ата университетінің стуендті Мақсат Қалиев есімді жас ақындарға берілді. Ал ІІІ орынды – әдебиет пен журналистиканы ұштастырып жүрген Шапағат Тілеубаев, ұстаздық жолмен қатар поэзияға қалам тербеген Нұрила Молдабаева, «Өскен өңір» газетінің тілшісі Айнұр Ибрашева иеленді.
Қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Айнұр Назарова мен Нартай өнер мектебінің шәкірті Шыңғысхан Қарынбай, «Сыр Ұланы» тынығу лагерінің тәрбиешісі Елдар Әмірхан арнайы марапатқа ие болды.
Бұл мүшәйра – өткенге салауат, болашаққа аманат. Ақпарат алауын жаққан тұлғалардың өмірі – қағаз бен экранда ғана емес, ел есінде. Сол алау бүгінгі кеште өлең болып жанып, жүректерде қайта тұтанды. Ұлттың болмысын сақтап қалатын – оның тілі мен мәдениеті. Ал тілге жан бітіретін – ақын. Шиеліде өткен бұл мүшәйра сол ақындардың алауын үрлеген кеш болды. Журналистика мен поэзия – бір-бірін толықтырып тұратын қос қанат. Алтай мен Руслан сол қанаттардың шынарындай биік тұлғалар еді. Ендігі міндет – олардың жолын жалғайтын жастардың сөзін ұлықтау, рухын қолдау.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ,
сурет Б.Бәйімбет
сурет Б.Бәйімбет