ЖАРҚ ЕТІП ӨТЕ ШЫҚҚАН ЖАСЫН ҒҰМЫР
БАҚ күні қарсаңында «Арман» мәдениет үйінде аудандық қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты Руслан Бөлебайдың өмірден өткеніне 15 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Дүбірлі додаға қолына қалам ұстап, сөз өнерін серік еткен жазба ақындар қатысты. Мүшәйраға аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлы, аудандық оқушылар үйі директорының орынбасары, ақын, жырау Рахматулла Әбутәліпұлы мен «Арман» мәдениет үйінің әдіскері Жадыра Камалқызы қазылық жасады. Байқаудың нәтижесінде I орынды Елдар Әмірхан жеңіп алса, II орынға Әйгерім Құрмашева лайықты деп саналды. Ал III орын Дильназ Қыдырбаеваға бұйырды.
Сондай-ақ Бөлебаевтардың отбасылық қаржылай сыйлығына Айнұр Ибрашева ие болды. Қалған қатысушыларға Алғыс хат пен сыйлықтар берілді. Журналист 1985 жылы Қарғалы ауылында дүниеге келіп, бастауыш сыныпты сонда оқыған. Кеште журналистің жақындары, аудан жастары және өзі түлеп ұшқан мектептің оқушылары жиналды. Сонымен бірге Русланның өте еңбекқор, жастайынан көптеген істі тындырып үлгерген, зерек, ашық-жарқын, ешкімді жатырқамай, ортаға тез бейімделетіндігін оның ағайындары сағынышпен еске алды. Тағылымы мол шарада Р.Әбдісаттарұлының ата-анасы да сөз алып, залда отырған жас буынға сендерге ұлымыздың өмірін емес, өнерін берсін деген тілектерін білдірді. Қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев елге еңбек еткен ерді дүниеге әкелген әке мен анаға алғыс айтып, жылы лебізін жеткізді. 2009 жылдың шілде айында дарынды журналист Р.Бөлебай жол апатынан көз жұмды деген ақпарат елді дүр сілкіндіргені күні кешегідей есімізде. Небәрі 24 жасында елге танылып, халықтың сүйіктісіне айналған азаматтың қазасын қазақ жұрты ауыр қабылдады. Тілшілік қызметтен бөлек, Руслан әншілікті де қатар алып жүрді. «Кең дала», «Сен болмасаң», «Жанарым», «Елес», «Мөлдір моншақтар», «Кешікпей келем деп ең», «Махаббатпен ойнама сен», «Іңкәрімай» әндерін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шынында, талантты жігіттің жарқын да жайсаң бейнесі тек жақындарының ғана емес, әрбір қазақтың жүрегінен орын алғаны анық. Ал Шиелі кентіндегі көшелердің біріне Р.Бөлебайдың есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылуы – жасын жастың рухына көрсетілген құрмет еді. Бір қызығы, журналистің эфирге дайындаған соңғы сюжеті көлік апатынан сақтану жайлы болған екен. Адамның өмірі ұзақтығымен емес, мазмұндылығымен өлшенетіні хақ. Сол себептен жарқырап шыққан алмас қылыштай жарқ еткен жас журналистің жасындай жарқын ғұмыры, қияға қонған тұғыры, өткір де тапқыр сөздері ешқашан ұмыт қалмайды.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ