Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨҢІЛГЕ КӨШКЕН КӨНЕ ҮН

КӨҢІЛГЕ КӨШКЕН КӨНЕ ҮН

Түнеукүні киелі мекен тағы да тербелді. Бұл жолы күріш толқынымен емес, жүректі қозғаған жыр үнімен. «Арман» мәдениет үйінің сахнасы бір сәтке ғасырдың арғы бетінен жеткен асқақ үнге айналды. Өнер мен өрлік қатар өрілген «Өнердің Нартай өлмес шамын жақты, Құрманбек жарқыратты, жалындатты» атты облыстық байқау – тек өнер сайысы емес, шын мәнінде, ұлттық рухты тірілткен сәт болды.
Нартай – жай ғана ақын емес. Ол – дауыл алдындағы тыныштықты бұзып, ел жүрегіне үміт отын жаққан дауыс. Қай заманда да жұрттың жүрегімен бірге соққан ақын еді. Соғыс жылдарындағы халықтың үмітін үзіп алмауға тырысқан жырлары бүгінде тарихтың тасқа қашалған шежіресіндей.
«Сахнаға шыққанда Нартай өзі емес, халық болып сөйлейтін» дейді көнекөздер. Ал оның жолын жалғаған Құрманбек Бекпейісов – сол халық үнін жалындатып жеткізген рух иесі. Оның жырлауында дала сыры, ұлт тағдыры, ел намысы қатар өрілетін. Міне, сол қос алыптың ізімен жүрген жаңа буын бұл байқауда өз үні мен өз жүрегін қосты.
Күндіз күлкі, түнде ұйқы бермеген өнер жолының үміткерлері – бар-жоғы тоғыз. Бірақ әрқайсысы – бір-бір шырақ. Олардың дауысында да Нартайдың күрсінісі, Құрманбектің қоңыр мұңы бар. Олар өткенді айтқанда, сахна шымылдығынан дала үні естілгендей болды. Домбыраның шегінде дірілдеген сағыныш – көрерменнің жүрегіне жетті.
Байқау қорытындысы да әділ шешім тапты. Жүлделі III орынмен Жаңақорғаннан келген Б.Ыбырайхан мен Шиелінің үкілі үміті Н.Изатуллаева, II орынды Қармақшының жыр гүлі Б.Мархабатова Б, ал I орынмен Шиелі елінің өнерлі қызы Н.Фазылова марапатталды. Бас жүлде Қызылорданың текті топырағынан түлеген Дидар Сүгірәлиевтің қанжығасына байланды.
Сондай-ақ А.Абдумажит пен А.Тәжтай (Қызылорда қаласы), Д.Бақытбек (Жалағаш ауданы), Б.Жанғали (Шиелі) есімді жастардың өнері де назардан тыс қалмай, алғыс хатпен марапатталды.
Сахна сыртында жарықтың жылуы болса, сахна үстінде – жүректің жылуы болды. Қатысушыларға қаржылай сыйлықтар мен естелік тартулар табысталды. Бірақ ең басты сый – өнер атты ұлы мұраны жалғастыруға берілген мүмкіндік еді.
Бұл – жырмен жазылған тарихтың тағы бір беті. Бұл – Нартайдың жарығын өшірмей, Құрманбектің үнін үзбей жеткізуге жасалған тағы бір қадам. Бұл – ұлттың рухани тіршілігінің тамырына нәр құйған ерекше күн.
Жыр – мәңгі. Өнер – өшпейді. Нартай мен Құрманбек – соның дәлелі.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
30 сәуір 2025 ж. 44 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9299)

30 сәуір 2025 ж.

№31 (9298)

29 сәуір 2025 ж.

№30 (9297)

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930