Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлікке тағзым, елдікке тағылым

Ерлікке тағзым, елдікке тағылым

Таңғы самал «Тағзым алаңының» маңын баяу тербеп тұрды. Мамырдың мамыражай күні болғанымен, алаңға жиналған жұрттың жанарында өзгеше мұң бар еді. Бірі көкірегіндегі сағынышын жасыра алмаса, енді бірі кеудесін кернеген мақтаныш сезімін үнсіз ғана жүрегімен жеткізіп тұрғандай. Мәңгілік алау маңындағы тыныштық та ерекше…
Сол тыныштықтың астарында қан майданда қалған боздақтардың үні, аналардың көз жасы, үзілген үміт пен өшпеген рух жатқандай сезіледі. 9 мамыр жай ғана мереке емес. Бұл күн – сұрапыл соғыстың зұлматын көрген ұрпақтың жүрек жарасын еске түсіретін, ерлік пен елдіктің қадірін ұғындыратын қасиетті дата. Осыған орай жақында «Тағзым алаңында» жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Тағылымды жиынға тыл және еңбек ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери бөлім қызметкерлері, жастар мен аудан тұрғындары қатысты. Алаңға жиналған жұрт ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майдан даласында қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым жасады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жиналған қауымды жеңіс күнімен құттықтап, бейбіт өмір үшін жанын қиған батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
– Майдандағы ерлік пен тылдағы табанды еңбек – кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге. Біз бүгінгі бейбіт күн үшін батыр бабаларымызға әрдайым қарыздармыз, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар ол ел көлеміндегі маңызды кадрлық өзгерістерге тоқталып, жаңа тағайындаулардың өңірдің өркендеуіне тың серпін беретінін жеткізді. Сабақтастық пен сенім ел дамуының басты негізі екені айтылды.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ардагерлерге қатысты айтқан сөзі де көпшілік назарына ұсынылды. Президенттің батырлар ерлігін ұлықтау жөніндегі пікірі шараның мазмұнын тереңдете түсті.
Мерекелік шара аясында біз 90 жастағы тыл ардагері Есболат Бәйімбетов ақсақалмен тілдесудің сәті түсті. Уақыт табы жүзіндегі әр әжімге із қалдырған қария өткен күндерді баяу еске алды. Даусы сабырлы болғанымен, әр сөзінен сол заманның салмағы сезіліп тұрды.
– Ол кездің қиындығын сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Таңнан кешке дейін еңбек еттік. Барлығы майдан үшін жұмыс істеді. Аштық та болды, жоқшылық та кездесті. Бірақ халық мойыған жоқ. Жеңіске деген сенім бәрінен биік тұрды, – деді тыл ардагері.
Ақсақал қазіргі тыныш өмірдің қадірін білу керектігін айтып, жастарға бірлік пен елге деген сүйіспеншіліктің маңызын түсіндірді. Кейін көпшілік алдында Жеңіс тақырыбындағы өлең жолдарын оқып беріп, жиналған жұрттың ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ шарада соғыс құрбандарына бір минут үнсіздік жарияланды. Сол бір сәтте айнала мүлгіген тыныштыққа еніп, әр адамның ойы өткенге сапар шеккендей болды. Бірі атасын еске алды, бірі соғыстан оралмаған боздақтардың тағдырын ойлады.
Айта кетейік, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ауданнан алты мыңнан астам азамат майданға аттанған. 4407 майдангер туған жерге қайта оралмады. Қаншама шаңырақ қара жамылып, аналардың көз жасы көл болды. Соған қарамастан ел рухы сынған жоқ. Бүгінде аудан көлемінде 137 майдангердің есімі көшелерге берілген. Батырларға көрсетілген құрмет пен ерлік рухына тағзымның жарқын көрінісі де – осы. Өйткені ер есімі – ел жадында.
Соғыс жылдарында тыл еңбеккерлерінің атқарған еңбегі де өлшеусіз. Олар күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеп, майданға қажетті көмекті жөнелтіп отырды. Сондықтан Жеңіс – тек қарумен келген жеңіс емес, халықтың төзімі мен бірлігінің жемісі.
Шара соңында жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Соғыс жылдарындағы әндер шырқалғанда үлкендердің жанары жасқа толып, жастар үнсіз тыңдап тұрды. Себебі ол әндерде бүтін бір дәуірдің тағдыры жатыр.
Жеңіс – ұлт рухының мәңгілік символы. Батырлардың ерлігі уақыт өткен сайын асқақтай түседі. Ел үшін жанын қиған боздақтардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Олардың аманаты – бейбіт өмірді бағалау, ел бірлігін сақтау және туған жердің тыныштығын көздің қарашығындай қорғау.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
13 мамыр 2026 ж. 18 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031