Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлік рухы жаңғырған сәт

Ерлік рухы жаңғырған сәт

Сәуірдің самал таңында Сыр бойын ерекше бір тыныштық тербеп тұрғандай еді. Көктемнің жұмсақ лебі жанды жылытып, көңілге бір терең ой салған сәтте Шиелі жұртшылығы «Тағзым» алаңына бет алды. Бұл – жай ғана жиын емес, жүректерді тоғыстырған, өткен мен бүгінді жалғаған, ерлік пен елдікке тағзым еткен тағылымды күн еді. Әр қадамда құрмет, әр жүзде толғаныс, әр жүректе үнсіз алғыс жатқандай сезілді.
7 сәуір күні Тәжік-Ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан және қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты ауқымды шара өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің бастамасымен және «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асып, елдік рухты асқақтатты.
Алғашқы сәт «Тағзым» алаңында басталып, ерлікпен қаза тапқан боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынды. Сол үнсіздік – жүректердегі мың алғыс пен сағыныштың тілсіз көрінісі еді. Жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойып, жауынгерлердің жанқиярлығына тағзым етті.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1993 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Тәжік–Ауған шекарасын қорғауға арнайы батальон жасақталып, сегіз жылға созылған әскери қимылдарға мыңдаған қазақстандық қатысты. Солардың қатарында Шиелі ауданынан елуге жуық азамат бар. Олардың ерлігі – ел жадында мәңгі сақталатын қасиетті мұра.
Сол батырлардың арасында туған жердің топырағын киелі санаған, Сыр суынан нәр алған Әбдиев Ержан Серікұлы да бар. Оның есімі – ел үшін жанын қиған ерлердің символына айналған. Тағзым алаңындағы рухани сәттен кейін іс-шара «Арман» мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мемлекеттік Әнұран орындалып, бейнеролик көрсетілді. Көрермендердің көңілін толқытқан бұл көріністер өткеннің ауыр кезеңдерін көз алдына әкелді.
Алғашқы сөз қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлына берілді. Ол өз сөзінде:
– Бүгінгі шара – ел үшін жанын қиған азаматтардың ерлігін ұлықтайтын ерекше күн. Біз бейбіт өмірдің қадірін дәл осындай ерлердің арқасында сезініп отырмыз. Олардың ерлігі – ұрпаққа өнеге, елге мәңгілік мұра. Осындай тағылымды шаралар жас буынның бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіреді, – деп атап өтті.
Кеш барысында Қызылорда қаласындағы Ұлттық Ұлан 5547 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерлан Асанұлы да сөз алып, жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.
Сонымен қатар «Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мен мүгедектері» Шиелі аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Балтабайұлы жүрекжарды пікірін білдірді. Ол өткен күндердің ауыр естеліктерін еске алып, сол кезеңде ел үшін қызмет еткен азаматтардың рухына тағзым ету – бүгінгі буынның парызы екенін жеткізді.
Осы ұйымның тағы бір төрағасы Фархат Қаратайұлы да сөз сөйлеп, ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмыт қалмайтынын айтты. Ол жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
Кеш барысында бірқатар ардагерлер марапатталып, құрмет төрінен көрінді. Солардың қатарында Таңат Мадиев, Ержан Дәуренбеков, Сәбит Батырбеков, Нұржан Беркімбаев, Бағдат Сейтов сынды азаматтармен бірге өзге де елге еңбегі сіңген ардагерлер бар. Олардың әрқайсысы – Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған ерлер. Марапаттау сәттері ерекше әсерге бөледі. Сахнаға көтерілген ардагерлердің жүзінен сабыр мен мақтаныш қатар байқалып, көрермен ықыласы олардың ең үлкен құрметіне айналғандай әсер қалдырды.
Іс-шара «Арман» мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Ән мен жыр өрілген сахна көріністері кеш мазмұнын байытып, көрерменге рухани серпіліс сыйлады. Тағылымы мол бұл кездесу өткенге тағзым ғана емес, келешекке бағытталған маңызды өнеге болды. Ерлік – уақыттың еншісінде қалып қоймайтын, ұрпақ санасында жаңғырып отыратын қасиетті ұғым. Шиелі жұртшылығы сол рухты тағы бір мәрте биіктетіп, елдік пен ерліктің мәңгілік екенін айқын аңғартты.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
13 сәуір 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (9393)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930