Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІРЛІКПЕН ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР

БІРЛІКПЕН ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР

Қазақтың кең-байтақ даласы – 130-дан астам этнос өкілін қара шаңырақ астында біріктіріп отырған мекен. Өзара сыйластығы мол, бауы ры үшін барын беруге даяр қазақ ешкімді де жатсынбайды. Түрі басқа болғанымен әр адамды туғанындай көреді. Бір үзім нанның өзін бөліп жеп, жанына жақын тарту – қазаққа ғана тән қасиет. Иә, осындай қасиетті сұлу Сырдың жұртшылығы өз бойына дарытып, бүгінде қаншама этнос өкілдерін қанатының астына алып, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мұндай бөлек болмыстан аудан халқы да қалыс қалған емес. Қазірдің өзінде ауданда жалпы халық саны 85 271 болса, оның 96 пайызын қазақтар, 3646-сын өзге этнос өкілдері құрайды.
Бүгінде көптеген ұлыстың ортақ шаңырағына айналған байтақ Қазақстан – бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі. Айта кетейік, қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген жұртты бөле-жармай бауырына басты. Осылайша қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды. Сондықтан да бейбіт елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мереке әр өңірде ерекше тойланады.
Өткен сенбі «Руханият орталығында» аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің қатысуымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік. Достық. Татулық» атты мерекелік шара өтті. Мереке аясында этнос өкілдерінің көрмесі қойылып, көрерменге таныстырылды.
Мерекелік жиында аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы тұрғындарды бейбітшіліктің, келісімнің мерейлі мейрамымен құттықтады.
– Құрметті Шиелі ауданының тұрғындары! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің достығы мен татулығының, бірлігі мен ынтымағының жарқын көрінісі. Бірлік пен келісім – еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі. Қадірлі жерлестер! Бұл мереке – әрқайсысымыз үшін ортақ Отанымыз – Қазақстанға деген сүйіспеншіліктің, бейбітшілік пен достықтың символы. Бірлігіміз бен татулығымыз мәңгілік болсын! Отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық пен береке тілеймін, – деді аудан басшысы.
Одан соң ауданның әлеуметтік-эконо¬микалық жағдайының жақсаруы жолында еңбек етіп жүрген түрлі этнос өкілдері мен сала үздіктерін арнайы алғыс хатпен марапаттады. Әрі қарай мерекелік шара театрландырылған қойылымға жалғасып, сахна төрінде жергілікті өнерпаздардың әні мен биі тамашаланды.
Қазақстан халқының бірлігі күні – тек мереке ғана емес, ел болашағына сеніммен қараудың символы. Қашаннан қонақжай, бауырмал, «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлік түбі – береке» деп білетін қазақ халқы үшін бұл мерекенің орны бөлек. Әрине, мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқын толық танып-білген, оның дәстүрі мен салтынан, тәлімі мен тағылымынан хабары мол өзге ұлт өкілдеріне де ынтымақ пен бірліктің бағасы жоғары деп айта аламыз. Олардың бәрі бұл мерекенің мәні мен маңызы айқынырақ, ашығырақ болғанын, оның өз мәнінде тойлануын қалайды. Ынтымағымыз ырысқа ұласып, бірлігіміз берекеге айнала бергей!

М.ИБРАГИМОВ
06 мамыр 2025 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (9299)

30 сәуір 2025 ж.

№31 (9298)

29 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031