Біз – ырыс ұйыған елміз
Қазақтың кең байтақ даласы – 130-дан астам ұлт өкілін қара шаңырақ астында біріктіріп отырған мекен. Өзара сыйластығы мол, бауыры үшін барын беруге даяр қазақ ешкімді де жатсынбайды. Түрі басқа болғанымен әр адамды туғанындай көреді. Бір үзім нанның өзін бөліп жеп, жанына жақын тарту – қазаққа ғана тән қасиет. Иә, осындай қасиетті сұлу Сырдың жұртшылығы өз бойына дарытып, бүгінде қаншама этнос өкілдерін қанатының астына алып, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мұндай бөлек болмыстан аудан халқы да қалыс қалған емес. Қазірдің өзінде Шиелі ауданында, жалпы халық саны 84 154 болса, оның 80 508-ін қазақтар, 3646-сын өзге этнос өкілдері құрайды. Атап айтқанда, корейлер – 671, орыстар – 1641, шешендер – 82, татарлар – 74, өзбектер – 82, украиндар – 15, әзірбайжандар – 32, немістер – 14, башқұрттар – 6, молдавандар – 5, гректер – 2, қырғыздар – 6, марийлер – 2, ұйғырлар – 3, яғни 18 ұлт өкілі киелі мекенде келісті өмір сүруде.
Бүгінде көптеген ұлыстың ортақ шаңырағына айналған байтақ Қазақстан – бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі. Айта кетейік, қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген жұртты бөле жармай бауырына басты. Осылайша қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды. Сондықтан да бейбіт елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мереке әр өңірде ерекше тойланады.
Бүгінде көптеген ұлыстың ортақ шаңырағына айналған байтақ Қазақстан – бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі. Айта кетейік, қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген жұртты бөле жармай бауырына басты. Осылайша қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды. Сондықтан да бейбіт елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мереке әр өңірде ерекше тойланады.
Қазақ – атам заманнан кеңпейілдігімен, өр жомарттығымен аты шыққан дана халық. Қазақстан – сонау зобалаң заман жылдарында тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай ұлтты өз бауырына басып, өзім деп қабылдаған ел.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін талай қиындықты бастан кешсе де, басына күн туған өзге ұлт өкілдеріне қамқор бола білді.
Тарихтың терең қойнауына зер салсақ, Қазақстанның осындай көпұлтты ел болып қалыптасуына өзге ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударылып келуі мен бейбіт халықтың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан жеріне көшірілуі себеп болды. XX ғасырдың басында отарлау саясаты ерекше күшейген еді. Сол жылдары Қазақстан жеріне 4 миллионға жуық орыстан бөлек, украин, өзбек, қырғыз, белорус, болгар, шешендер мен ингуштар, 34 мыңнан астам поляк, 100 мыңнан астам кәріс күштеп ұжымдастырылды.
Бүгінде еліміз сан түрлі тілдер мен тату-тәтті елге айналды. Қазақстан діңгегі берік ел болды.
Ауданда тұратын түрлі этнос өкілдері бүгінде атомөнеркәсіп, білім, денсаулық сақтау, спорт салаларында жұмыс істеп, аудан игілігі үшін еңбек етуде. Олар әр жыл сайын қазақ еліне, кең пейіліне алғыс білдіріп келеді.
– Мен осындай бірлігі бекем, татулығы жарасқан елде тұрып жатқаныма қуанамын. Татулықты ту еткен тәуелсіз елде бүгінде қаншама өзге ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Мен де Қазақстанға қоныс аударған этнос өкілдерінің бірімін. Қазақстандықтар сондай жайлы, қонақжай халық. Сондықтан менің жүрегім әрдайым қазақ деп соғады. 1 мамыр бірлік күнімен барша аудан халқын құттықтап, оларға шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Біз секілді жандарды қанатының астына алып, жатсынбаған отандастарыма шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді Рузель Фанильқызы.
Мағынасы мәнге толы мерекенің ең бір жарқын көрнісі ретінде – этномәдени көрмені айтып кетуге болады. Сонымен бірге бұл күні музейлер мен кітапханалар әр ұлттың тарихынан, дәстүрінен сыр шертетін көрмелер ұйымдастырады. Өзге ұлттардың мәдениеті мен дәстүрлерін жіті таныстыру арқылы ұлттың тұтастығы беки түседі. Бір сөзбен айтқанда «Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік» деген қағидатты ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерек.
Сана тұрғысынан саралар болсақ «Бірлік күні» қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарасымды мерекесі. Тіпті түсі бөлек, мұраты егіз тоғыспалы мәдениетімізді паш ететін күн.
Сымбат СҰЛТАН