Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілек пен білек бірлігі

Тілек пен білек бірлігі


«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді дана жұрт. Бірлік пен татулық бейбіт өмірге жетелейді. Тыныштық бар жерде ғана даму бар, береке бар. Алаш елі алты құрлыққа алауыздығымен емес, ауызбірішілігімен аты мәлім. Міне, ынтымағы мен бірілігі жарасқан елімізде жүзден астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр. Сол іргелі инс­титут бүгінде өз жемісін беріп, еліміздегі өзге этнос өкілдерінің бейбітшілікте өніп-өсуіне жол ашып отыр.
Қазақтай шуақты шаңырақ астында кереге жайып, уық болып шаншылған өзге ұлт өкілдерінің бірі – кәріс өкілі. Ұлты басқа болғанымен қазақы құндылықтарға құрметпен қарап, салт дәстүрді дәріптеп келеді. Солардың бірі – Шиелі кентінің тұрғыны жетпіс жасқа келген қазыналы қария Ким Бон-Чу Черсуевна.
Пейілі даладай дархан, жүрегі жомарт қазақ халқы қиын-қыстау кезеңге тап болған біздерге пана болып, қанатының астына алғанына дән ризамын деді. Ким Бон-Чу Черсуевнаның әке-шешесі өткен ғасырдың саяси қуғын-сүргін, зобалаң жылдары Кореядан Қазақстанға жер аударылады. Содан тағдырдың жазуымен жер аударылып келген корейлерге төрінен орын беріп, бір үзім нанымен бөліскен қазақтай қамқор халыққа алғысын жаудырды. Бүгінде корейлер жергілікті қазақ халқымен етене араласып, сыйластығын нығайтқан. Кейіпкеріміз жұмыс істеп, дүниеге 6 бала әкеледі. Балдарының барлығы өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі әулетке айналған. Сол үшін олар қазақ халқына шексіз риза.
Ынтымақ ұйыған жерге ырыс үйір келеді, жақсылық жақын жүреді. Бауырмал қазақ халқына деген ризашылығым шексіз. Еш уақытта «сен кәріссің» деп шеттеткен емес. Мен аналық жүрегіммен қазақ халқына алғыс айтамын. Бүгінгі мамыр – бірлік мерекесі құтты болсын. Бір шаңырақтың астында сыйластығы жарасып, ғұмыр кешіп жатқан барша қазақстандықтардың берекесі мен бірлігі мәңгі жасасын, – деді Ким Бон-Чу ­Черсуевна.

Шапағат ТІЛЕУБАЕВ
30 сәуір 2021 ж. 646 0