Көп ұлтқа құшақ ашқан Шиелі
Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі бесенеден белгілі. Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында тұрақтап қалды, өсті-өнді, ұрпағы жалғасты.
Міне, осындай дархан мінезі, салиқалы саясаты бар қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Қазақстан этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесінің өзіндік үлгісіне ие бола отырып, толеранттылық мәселесіне мән беретін бастаманы халықаралық деңгейге шығара білетін мемлекет бола алды. Қазақстанның қарыштап дамуына да ең алдымен ұлтаралық саясаттағы тұрақтылыққа негізделген қағидаттың ықпалы зор. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Ал, ұлттар арасындағы бірлікті қамтамасыз ету – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты.
Жоғарыда айтып өткендей Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдерінің ортақ отаны. Бүгінде облыста 96 процент қазақ, 4 процентке жуық өзге ұлт өкілдері тұрады. Яғни, бұл облыста 35 мыңның үстінде өзге этнос өкілдері өмір сүріп жатыр деген сөз. Ал, Шиелі ауданында – 2702 өзге ұлт өкілдері ғұмыр кешуде. Атап айтқанда орыстар – 1678, кәрістер – 689, өзбектер – 77, шешендер – 80, татарлар – 74, немістер – 19, украиндер – 14, әзірбайжандар – 18, қырғыздар – 8, гректер – 2, ұйғырлар – 3, молдавандар – 5, башқұрттар – 9, армияндар – 11 тағы басқа ұлттар мен ұлыс өкілдерінің 18-і ауданның тұрғылықты тұрғынына айналған.
Біздің міндетіміз – іргесі қаланған Тәуелсіз елімізді тұтасымен сақтап, келер ұрпаққа аман-есен жеткізу. Келісім болған жерде бірлік бар. Ал, бірлік болса, биік табыстарға жететініміз анық. Әлемде бейбітшілік орнағанын қаласақ, өз еліміздегі ынтымақты сақтай білгеніміз жөн.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ