Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттар бірлігі – ұлы байлық

Ұлттар бірлігі – ұлы байлық

Қазақстан Республикасы сан түрлі өзге ұлт өкілдерін кең құшағына сыйдырған достықтың отаны. Жалпы ХХ ғасырдың басынан бері қазақ жеріне Еуразияның сан алуан ұлт өкілі әртүрлі себептермен қоныс тепкенін тарихтан білеміз. Тың игеру, Ұлы Отан Соғысы кезіндегі босқындарға мекен болған. Жалпы қазақ – жатты бөтенсінбеген, өз туысындай қабылдаған қонақжай халық. Сол себепті біздің мемлекет ірі интернационалды мемлекеттің бірі болып табылады. Осы жайтқа орай мемлекетте Қазақстан халықтар Ассамблеясы құрылды.
Қазақстан халықтар ассамблеясын құру туралы алғаш 1992 жылы тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев айтқан болатын. Араға үш жыл салып, Қазақстан халықтар ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылу туралы Жарлығына қол қояды. 24 жылдың ішінде Ассамблея ҚР Президенті жанындағы консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды.
Осы арқылы ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. Ал 2008 жылғы 20 қаңтарда Елбасы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Сөйтіп Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды. Оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды.
Қазақстан Республикасында қазіргі таңда 130-дан аса ұлт өкілдері бар. Сол ұлт өкілдері 448 этномәдени бірлестігін құрды. Соның 29-ы республикалық, 331-і облыстық және 88-і аудандық болып табылады.
Ауданда шамамен 82 000-ға жуық тұрғын бар. Соның 2900 аса өзге ұлт өкілдері, нақтырақ айтар болсақ, орыс­тар – 1778, корейлер – 753, татарлар – 78, түріктер – 4, өзбектер – 71, шешендер – 85, немістер – 29, беларустар – 7, молдавандар – 3, гректер – 3, қырғыздар – 6, ұйғырлар – 2, еврейлер – 3, армяндар – 18, қарақалпақтар – 8. Жалпы алғанда ауданда 18 этнос мекен етеді. Осыған орай өңірде «Ұлт бірлігі» этнобағыттағы қоғамдық бірлестігі 2015 жылы аудан басшылары мен белсенді этнос өкілдерінің қатысуымен құрылған. Өзге ұлт өкілдерінің жай-күйімен Қызылорда облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» орталығының аудан бойынша этносаралық қарым-қатынастар бөлімі айналысады. 16 қыркүйекте «Қоғамдық келісім» орталығының аудан бойынша этносаралық қарым-қатынастар жөніндегі сарапшысының ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті. Сол отырыста келісім кеңесінің төрағасы болып Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов тағайындалды. Ал келісім кеңесінің хатшысы ретінде Қызылорда облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» орталығының аудан бойынша этносаралық қарым-қатынастар жөніндегі сарапшысы Гүлнұр Садуақасова бекітілді. Кеңесте аудан көлемінде құқық бұзушылықты болдырмау жөнінде,білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы, сонымен қатар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және табиғи монополиялар қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру, жергілікті бюджеттің бүгінгі күнде игерілу мәселелері қаралды. Қоғамдық келісім кеңесінің отырысына кеңес төрағасы, мүшелері, діни бірлестіктер, дербес бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен жас­тар ұйымдарының өкілдері қатысты.
«Қоғамдық келісім» орталығының аудан бойынша этносаралық қарым-қатынастар бөлімінің ұйымдастыруымен немесе қатысуымен жұмыстар атқарылып келеді. Атап өтер болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Мың бала» мәдени ағартушылық жобасы аясында тілдер күніне орай латын графикасын қолдануға сәйкес, Шиелі ауданында жалпықазақстандық диктант өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты халқымыздың латын графикасын еш қиындықсыз үйреніп, игеріп алғандығын көрсету болды. Диктант білім бөлімінде, барлық мектептерде, ішкі саясат бөлімінде сонымен қатар ауруханада, ауылдық округтерде өткізілді. Сонымен қатар «Этноауыл-2019» мәдени көрмесі аясында аудандық ішкі саясат бөлімінің бастамасымен «Fulcrum Foundation» азаматтық бастамаларды қолдау қоғамдық қорының» ұйымдастыруымен «ХХІ ғасыр көшбасшысы» тақырыбында интеллектуалды сайыс өткізілді. Сайысқа ауданның өзге ұлт өкілдерінің жастары қатысты.
Ауданда өзге ұлт этносаралық немесе конфессияаралық қақтығыстардың орын алмағандығы, болашақта ұлтаралық достықтың ұлғаюы осы «Қоғамдық келісім» орталығының негізгі бағыты.

Дастан ҚҰДАБАЕВ
21 қыркүйек 2019 ж. 1 035 0