Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік
«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халық әпсанасы. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген де қазақтың дана сөзі бар. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.
Қазақ хандығының 555 жылдығы, Ұлы Жеңiстiң 75 жылдығы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, әлемдегі екінші ұстаз атанған Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы секiлдi маңызды оқиғаларға бай жыл.
Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі бесенеден белгілі. Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында тұрақтап қалды, өсті-өнді, ұрпағы жалғасты.
Міне, осындай дархан мінезі, салиқалы саясаты бар қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Қазақстан этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесінің өзіндік үлгісіне ие бола отырып, толеранттылық мәселесіне мән беретін бастаманы халықаралық деңгейге шығара білетін мемлекет бола алды. Қазақстанның қарыштап дамуына да ең алдымен ұлтаралық саясаттағы тұрақтылыққа негізделген қағидаттың ықпалы зор. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Ал ұлттар арасындағы бірлікті қамтамасыз ету –
демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты.
Ұлы далада орныққан ел бірлігін мерекеге ұластыру, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған достық пен келісімді паш ету халықтар арасындағы тұтастықты одан сайын нығыздай түсті. Еліміздегі татулық пен бірліктің басқаға емес, ең алдымен қазақтың өзіне керектігі жайлы Елбасы Н.Назарбаев: «Ассамблеяның ең басты міндеті еліміздегі қоғамдық келісім болып саналады. Ал ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек» деген еді.
Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан артық ұлыс өкілдерінің ортақ отанына айналды. Сондықтан «Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мейрамының орны ерек. Түптеп келгенде, бұл мереке елдің бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы қазақтың тірлігінің берекелі болуына жол ашары сөзсіз.
Гүлхан ЯХИЯ