Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТ БІРЛІГІ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

ҰЛТ БІРЛІГІ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары А.Есмахановтың ұйымдастыруымен ассамблея отырысы өтті. Оған мемлекеттік мекеме, мәдениет, білім беру, кент және ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты. Аталған отырысқа Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының ҚХА хатшылығы – этносаралық қатынастар жөніндегі бөлім басшысы У. Ибраев пен «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Б.Айтпенбетов сала бойынша жауапты мамандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ел дамуының жаңа кезеңінде Ұлт Бірлігінің маңызы зор. Сол себепті әр өңірде Қазақстан халқының татулығын, дәстүрлі достығын, мемлекетіміздегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту мақсатында этнос өкілдерінен құралған топтар жұмыс атқаруда. Жиынның алғы сөзін Қызылорда облысының ҚХА хатшылығының бөлім басшысы Уалихан Серікұлы мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Болатбек Серікұлы алды. Жиында ұсыныс-пікірлер талқылана отырып, «Қоғамдық келісім» кеңесінің Шиелі ауданы бойынша төрағасы Мақсұт Ибрашев пікір білдірді.
Облыс бойынша этнос өкілдері көп шоғырланған Шиелі ауданы, жалпы халық саны 84008 болса, оның 80597-ін қазақтар, 3411-ін өзге этнос өкілдері құрайды. Атап айтқанда, корейлер – 823, орыстар – 1800, шешендер – 47, татарлар – 76, өзбектер – 74, украиндер – 29, әзірбайжандар – 29, немістер – 24, башқұрттар – 10, яғни 18 ұлт өкілі тұрады. Ауданда этнос өкілдері бірлікте, тату-тәтті өмір сүруде. Олардың көпшілігі ауданымыздағы атомөнеркәсіп, білім, денсаулық сақтау, спорт салаларында жұмыс істеп, аудан игілігі үшін еңбек етуде. 2021 жылға арналған «Ұлтаралық, конфессияаралық қатынастарды нығайту бағытындағы шараларды ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобалары бойынша іс-шаралар өткізілуде. Аудан бойынша негізінен этнос өкілдерінің көпшілігі, Шиелі кенті, Ақмая, Байгеқұм, Бәйтерек ауылдық округтерінде шоғырланған,
Құрметті ағайын, халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қанатты қағиданы ұстанған. Содан да болса керек, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері елімізде жаңаша өмір ағыны бір арнаға түсіп, елдің ертеңіне деген берік сенім орнығып келеді. Этносаралық қатынастар субъектілерінің жұмысының елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси бағытпен үндес жаңа жүйесін қалыптастырды. Ассамблеяның негізгі мінедеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау,халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Бұл – халқымыздың мызғымас бірлігінің жемісі. Елдің бірлігі бәрінен қымбат, – деді А.Есмаханов.
Жиынға қатысушылар Президенттің кезекті Жолдауының негізі бағыттары туралы айтып, ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен оның басымдықтарына тоқталды. Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім, сананы жаңғырту, жаңа заманға сай болу жолындағы маңызы жоғары мәселелер талқыланып, қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылды. Кездесу пікір алмасуға жалғасты.

Сымбат Сұлтан
04 ақпан 2022 ж. 528 0