ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА МЫҢ АЛҒЫС

Менің есімім – Зенфира. Әкемнің есімі – Забиолла. Қазіргі таңда өзге ұлт өкілі болсақ та, Шиелі халқының қонақжайлылығының арқасында тату-тәтті тұрып жатырмыз. Өзім №252 Г.Н.Ковтунов атындағы мектепте мұғаліммін. Аудан халқы үшін еңбек етіп, ұстаздық жолда барымды салуға тырысып жатырмын. «Халықтар достығы» жәй айтылған сөз емес. Әр кезеңдерде қазақ елі өзінен пана іздеп келгендердің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп қаймағы бұзылмаған көпұлтты мемлекет болдық. Бүгінде түрлі ұлттар мен ұлыстардың барлығы бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп келеміз.
Қазақ қашан да бауырмал халық. Әрқашан татумыз, доспыз және бір-бірімізбен қойын-қолтық араласа өмір сүрудеміз. Барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысып, келісімге, бірлікке өз үлесімізді қосудамыз. Қазақ халқының қанына сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы, басқа халықтармен одақтасуы, достасуы жеңістен жеңіске жеткізуде. Оған халық және тарих куә!
Құрметті Қазақ елі! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Туған Отанымыз – Қазақстан гүлденіп, тұрақтылық пен бейбітшілік мекені бола берсін. Береке-бірлігіміз артып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Зенфира РАШИДОВА