Көпұлтқа болған пана, бауырмал қазақ қана
1 Наурыз – Қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің ризашылығын білдіретін алғыс айту күні. Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осынау қасиетті жерде жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір мақсат-мүдде аясында тірлік кешіп келеді.
Қазақстан қашаннан да ұлттар достығының алтын бесігі саналып келеді. Айрандай ұйыған татулық пен бірліктің, ынтымақ пен берекенің ұйытқысы бола білді. Қазақ халқы – өзінің даласының кеңдігіндей, бабасының өрлігіндей дархан халық. Тағдырдың түрлі сынағын бастан кешкен халықтар жан-жақтан ағылып келгенде бауырмалдық танытып, барша жұрттың баласына құшағын кең ашты. Олар қазақ даласында өсіп-өркендеп, кеңге қанат жайды. Сан тарау тағдырлар көктемде бүр жарған гүлдей осы құтты даладан бақыт тапты. Сондықтан көктем мезгілінің алғашқы күні алғыс күні деп жариялануы тегін емес. Бұл күн қоршаған әлеміңе, жақындарыңа жүрегіңнен шыққан жарқын тілегіңді жеткізіп, ақ адал алғысыңды білдіріп, Отан ананың перзенті екеніңді сезіндіретін күн.
Нағыз алғыс – жылы жүректен, риясыз көңілден шығатын әдемі сезім. Бұл адам баласының бүкіл жан дүниесінің айнасы іспетті. Ортақ Отанымызды мекендеген түрлі этнос өкілінің барлығы бұл күні қасиетті қазақ даласына, бауырмал қазақ халқына алғысын білдіреді. Қысылтаяң күн туғанда тарыдай бытырап келгендерді қонақжайлықпен қарсы алуы қазақ жұрты жүрегінің дариядай кеңдігін аңғартса керек. Олар осы жақсылықтың барлығын алғыс алу үшін емес, адамдар арасындағы ізгілік пен жанашырлықтың керуені тоқтамасын деп жасады. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейтін хәкім Абай сөзінен терең тамыр алған әр қазақ баласы обал мен сауаптың, жақсы мен жаманның парқын біркісідей біледі.
Талай этнос өкілі бір отбасындай өмір сүріп жатқан киелі Шиелі өңіріндегі тұрғындарының жылы лебізі осы мереке қарсаңында да айтылып жатады. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші бірлікпен ұйымдаса істеген істе береке болады. Ал оның үлгісін Шиелі ауданына қоныс тепкен этностардың бірлесе егін егіп, осы күні атқарып жүрген жұмыстарынан байқауға болады. Мызғымас ел болу жолында бір мүддеге біріккен қазақстандықтар осындай тастүйін ымырашылдығынан айырылмаса «Мәңгілік ел» атану қағидасын бұлжытпай орындамақпыз.
Бетті әзірлеген Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ