АҒЫЛШЫН ТІЛІ САБАҒЫНДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУ ЖОЛДАРЫ
Шиелі ауданы бойынша білім бөлімі әдістемелік кабинетінің жұмыс жоспарына сәйкес, №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде «Ағылшын тілі сабағында инновациялық әдіс-тәсілдерді қолданудың жолдары» тақырыбында әдістемелік тәжірибе алмасу семинары өткізілді.
Семинардың мақсаты: Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында ағылшын тілі сабағында инновациялық әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білу шеберлігін арттыру.
Шараға мектеп-лицей директоры О.Шорабаева, Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері Ә.Тәжиева және аудан мектептерінен 36 пән мұғалімдері қатысты.
Семинардың «Тәжірибе алмасу- кәсіби қажеттілік» әдістемелік бөлімінде пән бірлестігінің әдістемелік жұмыстары, шығармашылық жетістіктері, оқушылардың ғылыми-зерттеушілік жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды.
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімдері ағылшын тілі сабағында инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану бойынша ашық сабақтар көрсетіп, тренинг, шеберлік сағаты, ойталқы ұйымдастырып өздерінің озат тәжірибелерімен бөлісті.
Сыныптан тыс жұмысында «Шетел оқу орындарымен Қазақстанда оқудың артықшылығы» тақырыбындағы дебат өткізілді.
Қатысушы пән мұғалімдері аудандық семинардың жоғары деңгейде өтілгенін, жаңашыл, ізденімпаз, шығармашыл ұстаздардың білім алушыларға және әріптестеріне мазмұнды жұмыстар көрсеткенін, берері мол іс-шара болғандығын айта келе мектеп ұжымына, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.