Жаңаша жұмыс жасау – заман талабы
Қазіргі білім беру саласында оқытудың озық технологияларын толық меңгермейінше сауатты, білімді, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Оқытудың жаңа технологияларын меңгеру мұғалімнің оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыруына септігін тигізеді. Әр мұғалім – өз сабағының көшбасшысы. Көшті қалай бастап алып жүремін десе де өз еркі. Көшті дұрыс бағыттай білу оның шеберлігіне байланысты. Жақында мектепте 23-31 қаңтар аралығында ағылшын тілі пәнінің «New education, new value, new programme» (Жаңа білім, жаңа құндылық, жаңа бағдарлама) атты онкүндік декадасы болып өтті. Ұжымда беделді, қашанда сабырлы қалпынан бір таймаған бірлестік жетекшіміз Қарлығаш Әлімбет өз ісінің білікті маманы. Ол кісі іс-әрекетпен айналысқанда айналасындағы адамдарға батылдық үйретіп, еңбексүйгіштікке, табандылыққа, батылдыққа үйретіп бізді әркез тәрбиелеп отырады.
Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер – ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету – мұғалімнің басты міндеті болып отыр. Осы орайда, мектебімізде желілік қауымдастық тобы құрылып, сол топ мүшелерімен бірлесе отырып Lesson studyды жоспарлап өткіздік. Осы жоспар негізінен 8 бен 9 сыныптар зерттеушілікке алынып, әрбір пән мұғалімдері білім берудегі түрлі әдіс-тәсілдерді қолданды. Түрлі деңгейде сабақ өткізілгеннен кейін бірлесе талдау жасалынды. Сонымен қатар, жаңартылған білім бағдарламасы бойынша 5,6,7,8,9 сыныптар арасында да ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Мағрипа Әлімбетова, Айнұр Әлсейітова, Айнұр Құлахметова, Жанна Нұрманова, Шынар Ибраева, Гүлфайруз Боранбаева және бастауыш сыныптар бойынша Айгерім Ысқақ, Рабиға Алиева, Аягөз Оманова, Балжан Ақтөреева әріптестерім ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар өтіп, өз біліктіліктерін көрсетті.
Айгүл БЕКМҰРАТОВА,
№219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің 3-деңгейлі сертификатталған
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.