Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңартылған білім беру – заман талабы

Жаңартылған білім беру – заман талабы


Білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ.
Н.Ә.Назарбаев.
Бүгінгі таңда Тәуелсіз­дігінің 26 жылдық тарихи тамаша беттері жазылып жатқан Қазақстан­ның білім беру саласында жаңар­тылған білім мазмұнына көшу, жаңа бағытқа бет бұру үрдісі қарқынды жүруде.
ХХІ ғасыр – ғылым, инновациялық жаңару, жаңғыру ғасыры. Еліміздің әлемдік үрдістерге енуі – білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Үнемі білім жетілдіріп, заман талабына сай талғаммен, шығармашылықпен жұмыс жасап, әдістемелік дағдысын тұрақты түрде дамытып жүрген мұғалімдердің қатарында мен де бармын.
«Өрлеу» БАҰО АҚ Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған курста жаңартылған білім беру мазмұнының тиімділігін түсіндім. Институт директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі Бауыржан Елеусінов басқаратын бұл мекеме облыс мұғалімдерінің жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сапалы білім алып, әлемдік кеңістікпен байланысуына зор мүмкіндіктер жасалып, келешек ұрпақтың инновациялық дамуда өзге елдермен бәсекеге қабілетті дәрежеге жетуі үшін тынымсыз еңбек етуде. Өзім дәріс алған 160 сағаттық курс аясында «Өрлеу» тренерлерінің осы бағытта өте тәжірибелі екендігін сөзімен де, ісімен де таныта алатын толымды тұлғалық қабілеттерін таныдым. Бізге дәріс берген әрбір ұстаз-тренер – «жанамын деген жүрекке от беретін» шығармашыл жандар. Сол мамандардың ішінде курстан өте көп жаңалық алуға деген құштарлығымды арттырып, дәріс берген тренерім Бекенов Шыңғыс Сәдуақасұлы - «Жас келсе – іске» деген халық даналығының шындығын бар болмысымен дәлелдеген маман. Ең бастысы, «Тәртіпке бас игеннің құл болмайтынын, тәртіпсіз ел болмайтынын» талап еткен тренердің алдында отырған әрбір тыңдаушы-дәріс алушыны жеке жұлдыз, шығармашылық шабыттың иесі деп тануы, сенім артуы бізді биіктерге жетеледі, сенімге селкеу түсірмеді.
Бұл курс менің жаңа әдіс-тәсілдердің тиімді екеніне көз жеткізуіме зор септігін тигізді. Мектебіме бара сала, тәжірибе алаңында танылуға деген тұлпар-талаппен тағы да қанаттандым. Осы курстан бұрын менің «білгенім - бір тоғыз, білмегенім - тоқсан тоғыз» болса, бүгінгі күні өзіме сыни көзқараспен қарай отырып, оқушыларыма коммуникативтік дағдыларды қалыптастыра отырып, оларға «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарын дарыта отырып оқыту басты назарда болатынын білдім.
Тиімді оқыту бағдарламасы бойынша сабақ жоспарлауда мұғалім басты назарда неге мән беруі керек, мұғалімнің өз сабағының жоспарын мақсатты құруда қандай әдіс тәсілдер тиімді - осының бәрі оның кәсіби шеберлігін одан әрі жетілдіруіне септігін тигізеді. Біз болашақта осы бағдарламаны меңгерте отырып, балаларда өз таңдауының қалыптасқандығының куәсі боламыз деген үлкен сенімдемін.


Ботакөз Құрманаева.
№152 қазақ орта мектебінің мұғалімі.
Жөлек ауылы.
21 тамыз 2018 ж. 2 440 0