Ізденіс және тәжірибе
Мемлекет болашағының кепілі – жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені белгілі. Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», – деген екен өз сөзінде. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының білім беру реформаларының негізгі мақсаты – білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеу болып табылады.
Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады. Болашақта өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Ал, дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тірелетіні айдан анық дүние. Сондықтан да, әлемдегі дамыған елдер сияқты Тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру ең негізгі өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Соның ішінде білімнің негізі – бастауышта. Бастауыш сынып – бұл оқушы тұлғасының қалыптасатын қайталанбайтын кезеңі десек, бізбен келісерсіздер. Сондықтан да бастауыш білім үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы болып табылады.
Бүгінгі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Ел Президенті Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз. Орта білім беру жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс» деген болатын. Ендеше, еліміздің әлемдік үрдістерге енуі білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттігін арттыруда екені түсінікті. Елімізде орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілгені баршаға аян.
Осы ретте, №47 мектеп-лицейдің мәжіліс залында болып өткен «Жаңартылған білім беру мазмұны: ізденіс және тәжірибе» тақырыбындағы аудандық бастауыш сынып мұғалімдері форумын атауға болады. Кіл бастауыш сынып ұстаздарының басын қосқан форумды білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов ашып, жүргізіп отырды. Аталған басқосуға Алматы қаласы республикалық «Өрлеу» білім-ғылым технология порталының директоры Ж.Көшкімбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова, ардагер ұстаздар мектеп директорларының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасарлары, жаңарған мазмұн бойынша 1-2 сыныптарға сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.
Сонымен, жиын әдістемелік кабинет әдіскері Д.Сейдахметовтың «Жаңартылған білім беру мазмұны тәжірибеде» тақырыбындағы баяндамасымен бастау алды. Д.Аманжолұлы келтірген деректерге сүйенсек, аудан бойынша жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім беріп жатқан ұстаздар саны 2734 болса, оның ішінде 697-сі бастауыш сынып мұғалімдері. Яғни, барлық ұстаздардың 25,4 пайызын құрайды екен. Ал, 241 мұғалім 1-2 сыныптарға білім беріп отыр. Осы яғни, 2017-2018 оқу жылында 1-сыныптарда сынып саны 93 болса, бала саны 1924 болып отыр. Ал, 2-сынып бойынша 96 болса, білім алушылардың саны 1973-ті көрсетіп отыр. Және баяндамашы бұл оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылғандығын жеткізді. Жаңартылған мазмұн бойынша 2015-2018 оқу жылдарында 307 бастауыш сынып мұғалімдері біліктілік арттыру курстарынан өткендігі де аян болды.
Мұнан әрі «Жаңартылған білім беру жағдайында бастауыш сыныптарда білім беру мазмұны мен әдістері» жөнінде №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Б.Ерденова айтып өтіп, жаңа жүйенің алғашқы адымдарында кездескен қиыншылықтарымен, игеру жолындағы әрекетімен, ата-аналармен түсінісу барысындағы жұмыстарымен көпшілікті хабардар етті. Сөйтіп, ұстаздардан соң сахнаға көтерілген №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицей оқушысының ата-анасы Қ.Қалдыбекова өз ойын ортаға салып, алғыс-тілегін жаудырды.
Ал, Ж.Файзуллаұлы мен Ж.Баймұратова ұстаздар қауымын құттықтап, ыстық лебіздерін жеткізді.
Педагогтардың осынау жиыны ауданда білім саласының дамуына үлес қосқан бірқатар ардагер ұстаздарды және бүгінде осы жолда аянбай тер төгіп жүрген білім қызметкерлерін марапаттаумен өз мәресіне жетті. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, мерейі үстем болған бала жанының бағбандары шат көңілмен жұмысқа кірісіп кетті.
Форумнан түйгеніміз – баланы басқармай, керісінше, бала өзін-өзі басқара отырып, үйренуі керек екен. Ұстаздар әр оқушыны білім алуға ынталандыра отырып, биік парасатпен жетелей білсе, өзіндік ұстанымы, көзқарасы бар шәкірт тәрбиелесе, көздеген мақсатқа жете білгені. Яғни, баланың ынтасын жетелеу қызығушылығын ояту арқылы оқыту, үйрету, көрнекілікпен көрсету, оны өз беттерінше практикада қолдана білуі қажет деген сөз.
Дина ЖҮСІПОВА.