Үштілділік – дәуір талабы

Семинар барысында аудан мектептерінің әдістемелік көрмесі, арттерапия кері байланыс бұрышы, әдістер алаңы жасақталды. Семинарды аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Ақпанбетов, облыстық оқу орталығының әдіскері Ж.Сыздықова ашып берді. Ұйымдастыру бөлімінде №47 мектеп-лицей оқушылары жаратылыстану пәндерінің ерекшеліктерін ағылшын тілінде баяндап, тәжірибелік көрмеде әр пәннен қызықты тәжірибелер көрсетілді. №49, №244, №251, №207 мектеп мұғалімдері ашық сабақтар, №47, №244, №45, №48, №46 мектеп мұғалімдері шеберлік сыныптар көрсетті. Сабақ барысында оқытудың тиімді тәсілдері, АКТ мүмкіндіктерін қолдану ерекшеліктері, бағалаудың түрлері, табысты оқыту әдістемелері қамтылған интерактивті топтық жұмыстар жүргізілді. Химия, физика, информатика, биология пәндері бойынша ағылшын тілінде өткізілген сабақтарда пәннің теориялық негізін білім алушылардың қазақ және ағылшын тілінде де меңгергендігі байқалды.
№47 мектеп-лицейдің ағылшын тілі мамандарынан құралған еріктілер тобы мектептің өзге пән мұғалімдерін ағылшын тіліне үйретуге бағытталған «We learn English» жобасымен таныстырды. Бұл жобаға мектеп-лицейдің барлық мұғалімдері қамтылып, Абайдың 175 жылдығын насихаттап, Абай өлеңдері мен шығармаларын және аудармаларын ағылшын тілінде жүргізді. Семинар соңындағы кері байланыста атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріліп, аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Шаденов, №47 мектеп-лицей директорының міндетін атқарушы С.Нұрманова және семинарда жұмыс көрсеткен ұстаздар мен оқушылар облыстық оқу орталығының және аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Бақытжан
Бәйімбет