Алқалы аналар ардақталды
Жұма күні аудан әкімі Нұржан Ахатов көпбалалы аналарды қабылдап, 3 «Алтын алқа» мен 13 «Күміс алқа» төсбелгісін табыс етті. Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттау туралы 2023 жылдың 25 желтоқсанындағы №421 жарлығы негізінде өткен шара аудан әкімдігінің мәжіліс залында көрініс тапты.
Ұрпақ санын арттырып, демографияның өсуіне үлес қосқан аналарды аудан басшысы марапаттап: «Жанұяда түтіннің түзу шығып, сәбилердің шат күлкісінің кетпеуі әйелдердің қолында. Отбасының ұлығы – әке болса, ұйытқысы – ана. Сондықтан біз сіздерді құрметтейміз, сыйлаймыз. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасылық бақыт пен қызметтеріңізге сәттілік тілеймін. Өмірдегі әйел жаққан шырақ ешқашан сөнбесін!» – деген ізгі тілегін білдірді.
Сондай-ақ жиында «Amanat» партиясы Шиелі аудандық филалының төрағасы Болат Сыздық, аудандық әйелдер кеңесінің төрағасы Нәйла Палымбетова сөз алып, аналарға ақ тілегін жаудырды. Марапат иегерлері де жылы лебізін айтты. Айта кетейік, қазіргі таңда Шиеліде «Алтын алқа» иелерінің саны – 973, ал «Күміс алқа» иегерлерінің саны – 1570-ке жетіп отыр.
Жұпархан Сыздықова, «Күміс алқа» иегері: – Жаңа жылды осындай қуанышты сәттен бастағаныма өте қуаныштымын. «Әр баланың өз несібесі бар» деген. Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көпбаланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Сондықтан баланы мейірімге бөлеп, оны жақсы азамат етіп өсіру біздің, ата-ананың міндеті деп білемін.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ