Бірлік пен татулық мекені
«Арман» мәдениет үйінде түрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан «Татулық пен келісім – тұрақтылықтың басты кепілі» атты аудандық форум өтті. Оған Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев және саяси ғылымдардың докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы қатысты.
Мерекелік кешті Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен, қоғамдық даму бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Қоғамдық келісім» бөлімі ұйымдастырды. Шара басталмас бұрын мәдениет үйінің фойесінде әр түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрі таныстырылды.
Мерекелік кешті Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен, қоғамдық даму бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Қоғамдық келісім» бөлімі ұйымдастырды. Шара басталмас бұрын мәдениет үйінің фойесінде әр түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрі таныстырылды.
Іс-шараны аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков ашып беріп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Ауданда тұрып жатқан әр сала бойынша этнос өкілдерін «Шиелі ауданының 95 жылдығы» мерекелік төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ облыс әкімі орынбасарының және аудан әкімінің Алғыс хаты мен сыйлығын табыстады.
Салтанатты жиында сөз кезегін алған Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әбішев қоғамдық мәселелерге терең талдау жасады.
– Қоғам қалай болса, тәрбие жұмысы да солай қалыптасады. Демек көзқарас та әртүрлі. Ал көзқарас бірлігін қалыптастыруға негіз қалайтын нәрсе – ол мемлекеттік ұлттық идеология. Сондықтан да ата-бабаларымыздың тасқа таңба басқандай айтып кеткен «Алтау араз болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналық сөз бәрімізге сабақ, ешуақытта маңызын жоймайтын түйінді ой екені даусыз, – деді.
Тағылымы мол кешке Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов қатысып, ізгі тілегін білдіріп, аудан азаматтарына өз тарапынан алғыс хат пен сыйлық тапсырды. Әрі қарай шара барысында аудандық салық комитетінің ардагері Ким Агафья барша форум ұйымдастырушыларына ұлт өкілдерінің атынан алғысын жеткізді.
Жиын соңында ҚХА жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев қорытынды сөз сөйлеп, барлық ұлт өкілдерін бірлік пен татулықты сақтай отырып, ауданның дамуы мен көркеюіне бірлесе атсалысуға шақырды. Ол өз сөзінде:
«Бүгінгі басқосу тақырыбының өзі айтып тұрғандай, қоғамның даму үдерісіне ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтың әсері мен ықпалының зор болатынына ешкім де күмән келтірмейді. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегенге саятын аумалы-төкпелі қиын-қыстау замандарда келіп қоныстанған басқа ұлт өкілдері ұрпақтарымен бүгінге дейін тату тәтті ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатыр. Қазіргі таңда ауданда 2967 этнос өкілі бар. Оның ішінде 1800 орыс, 823 кәріс, 76 татар, 44 шешен т.б ұлт өкілдері бар. Олар Сыр бойының ырысына айналып отырған күріш дақылын егіп өсіруді өндірістік масштабқа жеткізудің негізін қалаған» – деп баяндады. Сонымен қатар аудан өнерпаздары да қалыс қалмай белсенділік танытып, өнерлерін паш етті.
Мемлекеттің басты жетістігі – ел халықтарының ұлтаралық келісімі. Ендеше рухани келісім бар жерде татулықтың тірегі биік болады.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ