Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажары арта түскен аудан орталығы

Ажары арта түскен аудан орталығы

Шиелі кентінің келбеті күн санап көркейіп келеді. Салыстырмалы түрде ой саралайтын болсақ, қазір кентте біршама өзгерістердің орын алғанын байқауға болады. Мәселен, бірер жыл бұрын темір жол өткелі маңында сағаттап кептелісте тұратын көліктер, қазір ешқандай кедергісіз аспалы көпірден асып түсіп, тегіс жолмен жүріп жатыр. Кіре беріс Яссауи көшесінің қос қапталы күн өткен сайын көркейіп, тар тротуары кеңейіп, тұрғындар тынығатын аллеяға айналғалы да біршама уақыт болды.
35 114 халық мекен ететін кентте 9 мектеп, 2 жеке мектеп, 1 интернат, 1 колледж, 1 аудандық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 1 емхана, 1 балаларды оңалту орталығы, 57 мемлекеттік және жеке балабақша, 4 жабық спорт кешені, 1 аудандық, 1 ауылдық мәдениет үйі, 3 кітапхана, 1 өнер орталығы, 1 оқушылар үйі, 1 тарихи өлкетану музейі, 22 мемлекеттік мекеме қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда кентте базар, сауда қатарлары, шаруа қожалықтары, жанармай құю бекеті, дәріханалар, тігін цехы, шаштараз, тойхана, «Актив» және «Вееline» жүйесі, телекоммуникация мекемесі де халық игілігіне жарап тұр.
Кентте жол, жарық, су, газ, абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жөнге келе бас­тады. Осындай атқарылған ауқымды жұмыстардың тегіннен-тегін бітпейтіні бесенеден белгілі дүние. Ол үшін бюджеттен бөлінетін қаражаттың көлемі де қомақты. Мәселен, 2022 жылы кент аумағында 5 көшеге 27 млн 713 мың теңге қаралып, Ы.Жақаев көшесінің орталық бөлігі, Б.Тоқбаулин, М.Қаратаев, Есабыз, С.Сейфуллин тұйығына жаяу жүргіншілер жолы салынған болатын. Сондай-ақ көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмысына 34 млн 836 мың теңге қаржы жұмсалған. Кенттің қоржынындағы әрбір тиынның сұрауы барын және белгілі мақсатта жұмсалатынын да білеміз. Осы орайда қаржыны тиімді игеру, демеуші тарта отырып, кент ішін түрлендіруді қолға алған кент әкімі А.Өмірәлі демеушілер тарапынан кент аумағында орналасқан 16 көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы бетін 42 млн 400 мың теңгеге сырлатып, көп қабатты 2 тұрғын үйге 27 млн 678 мың теңгеге модернизация жұмыстарын жүргізген болатын. Өткен жылдың еншісінде М.Қаратаев, Аманкелді көшесі, ГРП-23 маңында 55 млн теңгеге салынған 3 балалар ойын алаңы мен шағын спорт алаңдары да бар.
Өткен жылғы үдеден жаңыл­ма­ған кент әкімі биыл да біршама жұмыстың жүйелі шешім табуына түрткі болып отыр. Аудан әкімі Н.Ахатов жол жөндеу жұмыс­тарына ден қойған тұста, кенттегі сұрқы қашқан көшелерді тізбектей жөнелді. Салыс­тыр­малы түрде қарасақ 2022 жылы Шиелі кентінде жол жөндеу жұмыстарына 208 млн 860 мың теңге бөлініп 14,6 км асфальт төселсе, биыл 59 көшеге жалпы құны 639 млн теңге болатын, ұзындығы 22,9 км-ге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса 9 көп қабатты тұрғын үйдің сыртын сырлау үшін 24 млн 500 мың теңге бөлінсе, жеке кәсіпкер Б.Қожасовтың демеушілігімен Тәуелсіздік көшесінің бойына 10 млн теңгеге сквер орнатылды. Шиелі кентіндегі индустриалды аймаққа «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты тарапынан 50 млн теңгеге 3,5 мың көшет егу жұмыстары жүргізілді.
– Ел дәулеті мен сәулетіне өз үлесін қосуды мұрат тұтқан кент тұрғындарының басты мақсаты – кентті уақыт талабына сай дамыту. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қанатты қағидаға сүйеніп, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесіне жүгініп, бірлігімізге сызат түсірмеу жолында ынтымағымыз жарасқан күйі кемел келешекті бетке ала береміз деген сенімдеміз. Алдағы уақытта кент тұрғындарына үй құрылысын жүргізу мақсатында жер телімдерін беру үшін инфрақұрылым тарту, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон, өрт сөндіру бекетін және спорт және балалар алаңын салу сынды және басқа да атқарылатын ауқымды жұмыстар күтіп тұр, – деді кент әкімі Амангелді Өмірәлі.
Бүгінгі таңда кентте 11 аллея мен сквер, 23 ойын алаңы, 11 дана шағын футбол алаңдары бар. Кент әкімінің сөзіне сенсек, алдағы уақытта И.Әбдікәрімов көшесі бойына 2, А.Яссауи көшесі бойы­нан 1 аллея бой көтеретін болады. Сонымен қатар А.Яссауи көшесі бойында орналасқан аудандық кітапхана ғимараты алдын, аспалы көпір айналасын, «Аналарға тағзым» аллеясын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Айта кетейік кент ішінде 210 көше болса, қазіргі таңда 117 шақырымды құрайтын 165 көше толығымен жарықтандырылып, 3500 дана жарық бағаналары орнатылған. Өткен жылы 24 көшеге 24 млн 950 мың теңгеге түнгі жарық бағаналары орнатылса, биыл 1586 дана жарық бағанасын сырлауға 8 млн 756 мың теңге қаржы қаралған. Ортақ пайдаланудағы аллеялар мен скверлер толық жарық шамдарымен қамтамасыз етілген. Кент басшысы түнгі жарық шамдары үздіксіз қалыпты жану мақсатында күтіп ұстау жұмыстары жыл көлемінде жүргізіліп жатқандығын да тілге тиек етті.
– Жыл сайын оң өзгерістер орын алып, қашанда сапалы нәтиже үшін жұмыс істеп келеміз. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміз еңсесін тіктеп, кемелдікке бет бұрды. Сол еңселі егемендіктің арқасында жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылдық. «Ауылдың дамуы – тұтас мемлекеттің дамуы» деген қағиданы басты нысана етіп, Мемлекет басшысының ел дамуы бағытында берген тапсырмаларының үдесінен шығуға тырысамыз. Бұл сөзімізге кенттегі ауқымды істер мен толымды тірліктер айқын дәлел бола алады. Мәселен, аудан әкімі Н.Ахатовтың бастамасымен аудан орталығын абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, балалар ойын алаңы мен скверлер орнату сынды жұмыстар шешімін тауып келеді. Бұл ең бірінші халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың легі. Айта кетерлік тағы бір жайт, осы жылы спорт мектебінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Округ бойынша әр түрлі салада шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер жұмыс істеуде. Бүгінде кентте 200-ден астам орта және шағын кәсіпкерлік субекьтілері бар. Кәсіпкерлік нысандар өз аулаларына, көше бойына көркейту көгалдандыру мақсатында 2 мың 800 түп ақ терек, қызыл ағаш, туя, можевельник, Сыр талы, қара ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша туған жерді түлетіп, көркейту-көгалдандыруға өз үлестерін қосуда, – деді кент әкімі А.Шерәліұлы.
Иә, бұл цифрлардың артында қаншама мемлекеттік қызметкердің маңдай тері мен Шиеліні көркейтуді мақсат тұтып, ел-халыққа адал қызмет етуді көздеген өңір басшысының тәжірибесі жатыр. Түсініп, білген адамға осыншама қаржыны ауданға әкеліп, оны орын-орнымен жоспарлы түрде жұмсау да үлкен жауапкершілік пен тәжірбиені талап ететіні анық. Ал кент ішіндегі өзгерісті аудан жастары да байқап, оң нәтижелерді көріп жүргендерін айтты.
– «Жаңа Қазақстан» жаңа бастамалармен құрылатыны сөзсіз. Жаңару мен жаңашылдыққа бет алған аудан орталығының ажары айшықты. Жастарға орталықта орналасқан «Достық» аллеясының жаңа келбеті қатты ұнады. Қазіргі заман талабына сай телефон қуаттағыш орнатылып, «Шиелі» деген жазулар да жарқырап тұр – деп, кент тұрғыны Ж.Ахметжанова да қуанышын жеткізді.
Иә, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар бүгінгі күннің талабы екенін білеміз. Экономикалық реформаларды кешенді жүзеге асыруда бұдан былай да кент тұрғындары сүбелі үлес қосып, өз деңгейінде жұмыстарын жандандыра береріне сенім мол.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ


28 қараша 2023 ж. 181 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930