Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 7 ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН АШЫЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 7 ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН АШЫЛДЫ



Кешегі демалыс күндері Қызылорда облысының аудандарында 2 мектеп, 2 балабақша, 2 спорттық-сауықтыру кешені мен мәдениет үйі ашылды.
Аудандарға жұмыс сапары аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев нысандардың ашылу рәсіміне қатысты.
Атап айтқанда, Қармақшы ауданында № 183 Ү.Томанов атындағы орта мектеп пен 50 орындық «Самал» балабақшасының ашылуы өтті.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2020 жылға дейін білім салысына қатысты 3 міндет қойған болатын: үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою және 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. Үшеуін де Қызылорда облысы мерзімінен бұрын орындады. 2015 жылы үш ауысымдық мектептерді түбегейлі жоюға қол жеткіздік және 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын 100 пайызға орындадық. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың үлесі басым екенін айту керек. Бүгінгі күні балабақшалардың 71 пайызы мемлекеттік-жекеменшік негізінде жұмыс істейді», - деді аймақ басшысы.
Атап өтейік, соңғы бес жылдың өзінде Қармақшы ауданында 4 мемлекеттік балабақша, 3 мектеп, 3 ауылдық клуб, 1 тарихи өлкетану мұражайы, 3 дәрігерлік амбулатория және тәулігіне 250 келушіге арналған аудандық емхананың құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Одан бөлек, Төребай би ауылдық округінде балабақшаның құрылысы және Төретам кентінде дене шынықтыру сауықтыру кешені құрылыстары жүргізілуде.
Жаңақорған ауданында мектеп, балабақша және спорттық-сауықтыру кешені, ал Шиеліде Мәдениет үйі мен тағы бір спорт кешені пайдалануға берілді.
Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылында 140 орындық балабақша мен спорттық-сауықтыру кешені ашылса, Қожамберді ауылында 200 орынға арналған мектеп пайдалануға берілді. Білім ұясының бұрынғы ғимараты 2000 ж. асар әдісімен салынған.
Биыл Шиелі ауданы 90 жылдық мерейтойын атап өтпек. Атаулы күнге орай ауданда Мәдениет үйі мен спорттық-сауықтыру кешені ашылды.
Облыс әкімінің айтуынша, 2013 жылдан бастап ауданда 6 ауылдық клуб, Ы.Жақаевтың туған ауылында музей, тарихи-өлкетану музейі салынды. Тағы да 11 мәдени нысан күрделі жөндеуден өтті, ал жыл соңына дейін Тартоғай ауылдық округінде 150 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілетін болады.
Соңғы 5 жылда Қызылорда облысында 200 әлеуметтік нысан салынды.
Өңірлік  коммуникациялар қызметінің ФБ парақшасынан.
29 мамыр 2018 ж. 1 429 0