Кент көркейіп келеді, жайқалып жасыл желегі
90 жылдық тарихы бар Шиелі кентінің соңғы уақытта көз алдымызда қайта түлеп, көркейіп жатқанына куә болып келеміз. Салыстырмалы түрде ой саралайтын болсақ, қазір кентте біршама өзгерістердің орын алғанын байқауға болады. Мәселен, өткен жылы темір жол өткелі маңында сағаттап кептелісте тұратын көліктер, қазір ешқандай кедергісіз аспалы көпірді асып түсіп, тегіс жолмен жүріп жатыр. Кіре беріс Яссауи көшесінің қос қапталы күн өткен сайын көркейіп, тар тротуары кеңейіп, тұрғындар тынығатын аллеяға айналғалы да біршама уақыт болды.
Иә, былтыр аудан әкімі Қамбарбек Мүбәраков әлемді жайлаған індетпен арпалысып жүріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени салаларымен қатар, түрлі түйіткілді мәселелерді де шет қалдырмады. Сиыр құмалақтай созылған бірнеше мәселе нақты шешімін тапты. Ауданда жол, жарық, су, газ, абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жөнге келе бастады. Осындай атқарылған ауқымды жұмыстардың тегіннен-тегін бітпейтіні бесенеден белгілі дүние. Ол үшін бюджеттен бөлінетін қаражаттың көлемі де қомақты болатыны анық. Халық үшін қайбір істің бітуіне қанша ақша төленгені маңызды. Осы ретте Президент Қ.Тоқаевтың «ашық қоғам қалыптастыру» саясатын ұстанып, қай нысанға қанша қаржы қаралғанын ашық көрсетуді мақсат еттік.
Жоғарыда сөз еткен кентті аббаттандыру жұмыстары «Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында іске асқан. Бағдарламаға енген Көкшоқы мөлтек ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласы мен кенттегі аллеяларды аббаттандыру, Тоқтаров, Бекежанов, Қоңыратбаев, Аймауытов, Әл-фараби, көшелеріндегі жаяу жүргінші жолын салу жұмыстарына республикалық бюджеттен 201 млн 777 мың теңге бөлінген. Жергілікті бюджеттен М.Шоқай орталық алаңына орындықтар орналастыруға 2 млн 600 мың, лет экранды жөндеу жұмыстарына 2 млн 500 мың, «I Love Shieli» жазуын орналастыруға 5 млн 300 мың (5 шағын архитектуралық мүсіндер), RGB аркасын орнату үшін 7 млн 900 мың, су бұрқағын орнатуға 7 млн 800 мың, кіреберістегі қош келдіңіздер аркасын безендіруге 7 млн 800 мың, спорт аланың салуға 5 млн 700 мың, балалар ойын аланың салуға 7 млн 800 мың, кентте орналасқан 7 арканың жөндеу жұмыстарына 7 млн 800 мың теңге қаржы бөлінген. Жылдағыдай емес өткен жылы көркейту-көгалдандыру жұмыстарына да қомақты ақша үлестірілген. Мәселен, ағаш егіп, оны күтіп ұстауға 7 млн 800 мың теңге берілсе, гүл егу жұмысы 3 млн теңгемен біткен. Ал, кент ішіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын аббаттандыруға аудандық бюджеттен 40 млн теңге бөлінген. Өңірлік бюджеттің есебінен Жаңа жылдық шырша орнатуға 3 млн теңге қарастырылса, спорт алаңын орнату жұмыстарына 5,7 млн, «Иман Жүсіп» аллеясының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 10,3 млн теңге қаралған. Осылайша, өткен жылы Шиелі кентінің аббаттандыру жұмыстарына 386 млн 830 мың теңге жұмсалған.
Былтыр өңірде ескі жарық бағаналарын ауыстырып, оның орнына экономикалық тиімді жарық шамдарын орнату жұмыстары қарқынды жүрді. Нәтижесінде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында Көкшоқы мөлтек ауданы мен кент көшелерінің түнгі жарық бағаналары ауыстырылды. Оған республикалық бюджеттен 148 млн теңге қаржы қаралды. Жыл соңына қарай орталықтағы тағы 5 көшеге 8 млн 300 мың теңгеге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жарық бағаналары орнатылады. Кенттегі көше бағандарын күтіп ұстау жұмыстары аудандық бюджеттің есебінен жүріп, 7,5 млн теңге қаржы бөлінген. Кент бойынша көшелерді жарықтандыруға жалпы саны 230 млн 489 мың теңге кеткен.
Өткен жылдың статистикасына үңіліп отырып, кенттің санитарлық тазалығына да аз ақша жұмсалмағанын білдік. Былтыр, Шиелі кенті мен Көкшоқы мөлтек ауданы, теріскей бет көшелерінің санитарлық тазалау қызметіне кеткен қаржы 19 млн 490 мың теңгені құраған. Ал, Шұғыла, Ақорда, Арай мөлтек аудандары мен орталық көшелерінің тазалығына 6 млн 800 мың теңге бөлінді.
Кент әкімдігі берген мәліметті көріп отырып, кент көшелерін жөндеуге кеткен қаражаттың көлемді екенін білдік. Өткен жылы орталықта жалпы ұзындығы 14,1 шақырым жолға асфальт, 9,5 шақырым жолға тас төселген. Жол жөндеу жұмыстарына 266 млн 610 мың теңге бөлініп, 68 көше жөндеу көрген.
P.S Иә, бұл цифрлардың артында қаншама мемлекеттік қызметкердің маңдай тері мен Шиеліні көркейтуді мақсат тұтып, ел-халыққа адал қызмет етуді көздеген өңір басшысының тәжірибесі жатыр. Түсініп, білген адамға осыншама қаржыны ауданға әкеліп, оны орын-орнымен жоспарлы түрде жұмсау да үлкен жауапкершілік пен тәжірбиені талап ететіні айқын.
Елдос Жүсіп