Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жері күрішті, халқы ырысты Шиелі

Жері күрішті, халқы ырысты Шиелі


Күз келгелі ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразалайтын шаққа таяды. Егіншісі мәрт, жері жомарт – Шиелі ауданының аграрлы саладағы серпіні қарқынды. Жылдағыдан мол өнім жинаған дала еңбеккерлерінің еңбегі ерен. Міне, диқан қауымның мерейін асыратын биылғы «Алтын дән – 2023» мерекесі Шиелі ауданының 95 жылдығына сәйкес келді.
Жәрмеңкеге жиылған жұрттың қарасы қалың

Жексенбінің таңсәрісінен Шиелі ауданының орталық Сапаржайына жиылған халықтың қарасы қалың. Ондағысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде ұсынылатын өнімдерді қолжетімді бағада алып үлгеру.
Атап айтар болсақ, жәрмеңкеде ақ күріштің келісі – 420 теңгеден, сиыр еті – 2000, картоп – 100-130, пияз – 65-70, алма – 250-350, қызанақ – 250, балық – 1500-1800 теңгеден саудаланды. Жалпы алғанда жәрмеңкеге әр ауылдан келген шаруалардың 23-тен астам өнім түрлері ұсынылды. Жәрмеңкеге 116 тоннадан астам өнім әкелініп, тұрғындарға сатылды.
– Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылық бөлімі ел халыққа үлкен жәрмеңке ұйымдастырып жатыр. Жәрмеңкеге 50-ден астам көлік келіп тұр. Онда 116 тоннаның өнімі бар. Ол өнімнің ішінде: бақша өнімдері, картоп, сәбіз, қызанақ, асқабақ, өзіміздің Сыр күрішін төменгі бағада халыққа ұсынып жатырмыз. Жергілікті халық сауданы таңғы 8-ден бастап кетті. Биыл аудан диқандары үшін сәттілікке толы жыл болды. Себебі, 13176 гектар күріш дақылы алқабының әр гектарындан 56 центнерден өніп алып, Шиелі озат аудан атанды. Алдағы уақытта да қамбамыз астыққа толып, мерекелі-берекелі жыл болып, көңіліміз жайлы, өніміміз майлы болсын, – деді жәрмеңке барысында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков.
Биыл ауданда 30 792 гектар жерге егін дақылдары орналастырылған. Негізгі дақыл күріштің үлесі – 13 176 гектарды құрап отыр. Одан бөлек бидай, тары, мақсары, жоңышқа, көкөністерде егілген.
– Мұның бәрі диқан қауымының төккен тері мен еселі еңбегінің нәтижесі. Тауар алушылар да риза. Сапа жақсы, баға төмен. Алдағы уақытта да осындай ауқымды жәрмеңкелер ұйымдастырылып тұрса, ел нарығы жаман болмайды, деп ойлаймын. Сонау жоқшылықтағы ескі уақыттарды көзіміз көрді. Дүкен сөрелерінің бәрі қаңырап бос қалғанын да көрдік. Қазір ел тоқ, ырысымыз мол. Осындай берекелі іске мұрындық болған аудан әкіміне де ризашылығымызды білдіреміз, – дейді кент тұрғыны Ақылбек Тұрғанұлы.

ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДЕН ҒИБРАТ
Жәрмеңкеден керегін алған жұрт Арман мәдениет үйінде «Алтын күз – 2023» мерекесі аясында ұйымдастырылған «Өнегелі өмір» атты облыстық жазба ақындардың жыр мүшәйрасына бет алды. Ерлі-зайыпты Ұлы Отан соғысының ардагері Сұлтанхан Төрениязов пен Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаеваның 100 жылдығына арналған мүшәйрада 14 үміткер бақ сынады.
Аталған шараның барысын аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп пен осы әулеттің құдасы Тортай Манкеев және «Өнегелі өмір» кітабының авторы Сейтомар Төрениязов пен Ұлбала апамыздың үлкен ұлы Оралсейіт Төрениязов және Еңбек ардагері Сейтомар Ермекбаев сөз сөйлеп, бастап берді. Әрмен қарай «Өнегелі өмір» атты кітаптың тұсау кесер рәсімі өтті. Айта кетейік, бұл шара Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен өткізілді.
Екі мәрте Социолистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев бастаған еңбек ерлерінің бірі – Ұлбала Алтайбаеваның өнегеге толы өмір жолын жырға қосқан ақындар сөзбен ана бейнесін сомдап шықты. Халық өзінің дара тұлғаларын ұмытпақ та, естен шығармақ та емес. Сол себепті осындай ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырған батыр ананың есімін ұлықтайтын, жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін игі шараның көрермені де көп болды.
Облыстық мүшәйраның нәтижесінде бас жүлдені Қызылорда қаласынан Бексұлтан Санақұл иеленсе, І орынды Шиелі ауданы, Жиделіарық ауылынан Дильназ Ержігітова жеңіп алды. Ал жүлделі ІІ орынды шиелілік Елдар Әмірхан, ІІІ орынды қызылордалық Нұркелді Өтепберген мен Еңбекші ­ауылынан келген Абзал Өміралиев өзара бөлісті. Жарыс жеңімпаздарына және қатысушыларға диплом, алғыс хат және қаржылай сыйлықтар табысталды.

СЫРДЫҢ ҚАРАТОРҒАЙЫ: ҚҰЙҚЫЛЖЫ СЫРНАЙ, ӘНДЕТШІ!
«Алтын күз – 2023» мерекесі мен Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толу мерейтойы аясында салтанат сарайында әнші-сазгер Шолпан Жанболатқызын еске алуға арналған «Сырдың Қараторғайы» атты сырнаймен орындаушы қыздар арасындағы республикалық байқау өтті.
Өнер додасының алғы сөзі аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетовке беріліп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шиелі өлкесінен өнерімен талайды тәнті еткен таланттылар шыққан. «Атандым он алтымда Қараторғай» деп танылған апамыздың өнегелі өмірін қашанда ұлықтауымыз қажет. Осы мақсатта өткізілген шараға халық жоғары баға берді.
Сахнада құйқылжыған сырнаймен қатысушылардың өнерлері көрініс тапты. Көрермендерге де тамаша әсер қалдырды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені қызылордалық Альбина Қонысбаева, І орынды қызылордалық Тоғжан Өтенова, ІІ орынды алматылық Дильназ Ташмұхаммед, ІІІ орынды астаналық Салтанат Ерсұлтан мен қызылордалық Эльмира Қалхожаева, ІІІ орынды қызылордалық Бақыт Мархабатова иеленді.
Айта кетейік, республикалық байқаудың бас демеушісі Рәбибі Нұржанова. Бұған дейінде Құрманәлідей асқар тау әкеден, Рабиғадай бауырмал бауырдан тәлім-тәрбие алған, «РК Мұнай» ЖШС құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер Рәбибі анамыз түрлі шараларда демеушілік танытып келеді.

ОРАЗБЕК СӘРСЕНБАЙДЫҢ АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛДІ
Еңбек мерекесі Береке мөлтек ауданында Байсын ауылының тумасы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті жазушы Оразбек Сәрсенбайұлының 85 жылдығына арналған көшенің ашылу салтанатымен жалғасты.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты С.Әбдірахманов, Шиелі ауданының «құрметті азаматы», жазушының сыныптасы, өмірлік досы Р.Мауяев және қаламгер Оразбектің қарындасы Е.Сәрсенбаева және ұрпақтары қатысты.
Аталған шараны аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков ашып, белгілі жазушының жетістіктері мен шығармашылығына тоқталып өтті.
– Бар ғұмырын жазушылыққа арнаған қаламгердің осы уақытқа дейін жиырмадан астам кітабы жарық көріп, әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылған, Оның әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия бағытындағы жарияланымдары оқырманға кеңінен таныс. Сондай-ақ аудандық «Өскен өңір» газетінің шығармашылық ұжымында қызмет атқарып, түрлі әңгіме, эсселерін жарыққа шығарады. Одан бөлек, ­баспагер және аудармашы ретінде ислам әдебиетін қалың оқырман арасында насихаттау ісінде қажырлы еңбек еткен тұлға, – деді.
Шара барысында қарымды қаламгерлер мен замандастары Оразбек Сәрсенбайұлы жайлы есте қалған естеліктерімен бөлісті.

«Алтын күз – 2023»: табанды еңбектің табысы
Игі дәстүр бойынша биыл да Алтын күз мерекесі ауданда өз дәрежесінде аталып өтті. Бұл той тек тойлау ғана емес, еткен еңбектің есебін де беретін күн. Биыл шиеліліктер үшін табысты жыл болды. Осы мақсатта аудандық орталық стадионда Қызылорда облысының 85 жылдығы және Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына орай «Алтын күз – 2023» мерекелік марапаттау шарасы өтті.
Салтанатты шараға Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, қоғам және мемлекет қайраткері Сауытбек Абдрахманұлы, жазушы-сыншы Бақыт Сарбалаұлы сынды зиялы қауым өкілдері қатысты. Содан кейін аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерсұлтан Апетов сала үздіктерін және барша аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, автокөлік және пәтер кілттерін табыстады.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да сала үздіктері елеусіз қалмады. Облыс бойынша «Озат егін шаруашылығы» номинациясын «Төңкеріс К» шаруа қожалығы иеленсе, «Озат жатка машинист» номинациясына «Халық» фермерлік қожалығының жатка машинисті Асылан Сейітжапбаров лайық деп танылды. Аудан бойынша ең үздік шаруашылық номинациясын «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығы жеңіп алды. «Үздік шаруашылық» номинациясының І дәрежесін «Ақмая» шаруа қожалығы қанжығасына байлады, ал ІІ орын «Байсын» шаруа қожалығына, ІІІ дәрежелі номинация «Бала би – 2004» өндірістік кооперативіне бұйырды.
«Озат агроном» номинациясымен «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Р.Қоңыратбай, «Озат бригадир» номинациясымен «Төңкеріс К» шаруа қожалығынан Б.Пазылов, «Озат жаткист» номинациясымен «Жер жомарт Д» ЖШС-ның жаткисті Ж.Қаражанов, «Озат комбайнер» номинациясымен «Аширбеков» шаруа қожалығының комбайнері Б.Нарымбетов, «Озат звено жетекшісі» номинациясымен «Заңғар» шаруа қожалығынан М.Бегалиев, «Озат күрішші» номинациясымен «Мырзаева» шаруа қожалығының күрішшісі Н.Мақұлбеков, «Озат механизатор» номинациясымен «Бидайкөл шаруа қожалығынан А.Қосжанов марапатталды. Ал «Озат бидай өсіруші» номинациясы «Халық» фермер шаруашылығынан Д.Дулатовқа, «Озат көкөніс өсіруші» номинациясы «Жолдасов» шаруа қожалығынан Д.Әбуге, «Озат бақша өсіруші» номинациясы «Бидайкөл» шаруа қожалығының басшысы А.Жолдыбаевқа, «Озат жоңышқа өсіруші» номинациясы «Бестам елі» шаруа қожалығынан Ә.Досманға және «Озат мақсары өсіруші» номинациясы «Ақниет-2» шаруа қожалығынан Е.Қарғабаевқа бұйырды.
Сондай-ақ «Үздік ветеринар» номинациясын Т.Бейсенбаев алса, «Үздік шопан» аталымын «Адына» шаруа қожалығынан И.Ізтілеуов иеленді. Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы саласын насихаттауда өз үлесін қосқан «Сыр бойы» газетінің тілшісі Е.Қожасов «Үздік ақпараттандырушы» номинациясына ие болды. «Үздік бағбан ауыл» Қоғалы ауылдық окургі әкімдігі алса, «Жаңашыл шаруашылық» номинациясын «Шолпан ана» шаруа қожалығы, ал «Үздік гидротехник» аталымын А.Әбубакиров иеленді. Мереке қарсаңында аудан әкімінің алғыс хатымен төрағалар, әдіскер, энтомолог мамандары марапатталды.
Қонақтарға арналған киіз үйлерде дастарқан жайылып, әр жерлерде түтіннің иісі шығып, ет асылып, палаудан дәм татылып, киіз үйлерде ән айтылып, ауа райының салқындығына мән бермей, жиналған қауымның қарасы қалың болды.
Айтып өтейік, 9 айдың қорытындысымен Шиелің ауданы негізгі 10 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша аймақта үздіктер қатарынан көрінді. Әсіресе құрылыс жұмыстарының көлемі 192 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 175 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 137 пайызға, бюджеттің өз кірістері көлемінің өсу қарқыны 118 пайызға артқан.
Сонымен қатар егіс көлемі соңғы төрт жылда 3 мың гектарға ұлғайса, күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 мың 500 гектарға дейін көбейтілді. Міне, осындай бір қолдың саласындай ұйымдасқан істердің арқасында аудан диқандары егілген егінді күздің жауын-шашынды маусымына ұрындырмай, әр гектарынан 56 центнерден өнім алып, жалпы 73 мың 786 тонна Сыр саласын жинап алды.

Аламан бәйге өтті
Соңғы жылдары аудан көлемінде ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипат алып келеді. Өткізіліп жүрген республикалық бәйге жарысы да ауданның мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне жаңа серпін беріп келеді. Осы ретте, жексенбі күні Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына және «Алтын күз – 2023» мерекесіне орай атшабарда аламан бәйге өтті.
Алдымен аламан бәйгеде аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерсұлтан Апетов сөз алып, шабандоздарға сәттілік тілеп, демеушілік жасаған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
– Халқымыз үшін жылқы жануары киелі саналады. «Түбіміз – Түркі, түлігіміз – жылқы» деп аталарымыз тұлпарды ерекше қадірлеген. Баһадүр батырларымыз ат үстінде жүріп, талай мәрте осынау байтақ даланы жаудан қорғап алған. Бүгінде дүние жүзі Алаш баласын арғымақты алғаш ерттеген ел деп таниды. Осы ретте, сол көшпенді бабаларымыздың заңды мұрагері ретінде ат спортын заманға сай дамыту мақсатында жыл сайын аламан бәйге өткізіп келеміз. Ендеше, осы сәтті пайдалана отырып, ат бәйгесін ұйымдастырып, ұлттық спортқа қолдау білдіріп отырған барша ел азаматтарына алғысымды білдіремін. Бүгінгі сайысымыздың әрбір қатысушысына спорттық көңіл-күй, батылдық, сарқылмайтын күш-қуат және жеңіске деген ұмтылыс пен жігерлік тілей отырып, ат бәйгесін ашық деп жариялаймын, – деді.
Айта кетейік, «Аламан» бәйгеде Бақторы атты Шиелінің тұлпары жеңімпаз атанып, шабандозға 3 млн теңгенің сертификаты, қалған 4 жеңімпазға 1,5 млн, 700 мың, 500 мың, 300 мың теңгенің сертификаттары табысталды. «Құнан» бәйгеде алматылық шабандоз Абзал Тұрғанбек Лашын атты тұлпарымен мәре сызығына бірінші келіп, 1 млн 500 мың теңгені қанжығаласа, қалған шабандоздарға 700 мың, 500 мың, 300 мың, 200 мың теңгенің сертификаттары берілді. «Тай» бәйгесін Алматы облысының тұлпары Мархаба жеңіп алып, жеңімпазға 300 мың теңге сыйақы табысталса, қалған 4 шабандозға 200 мың, 150 мың, 100 мың, 50 мың теңгенің сертификаттары беріліп, аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті.
Еңбек мерекесіне арналған 1 күндік думанның соңы гала концертке ұласып, эстрада жұлдыздары ән шырқады.

Дархан Байтілес,
Айнұр ИбрашевА,
Бақытжан Бәйімбет
24 қазан 2023 ж. 162 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930