Бүгін Шиелі ауданының орталық стадионында "Алтын күз-2021" мерекесіне орай Аудан басшысының ұйымдастырумен жәрмеңке өтуде
Аудан орталығының қақ ортасынан қанат жайған ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне келіп жатқан халықтың қарасы қалың. Сауда таңсәріден қызу басталып, ұзын-сонар кезек қалыптасуда. Саудаға түскен тауар арзан бағамен сатылып жатыр. Ауылдардан артынып, тартынып келген тауар өндірушілер тұтынушыларға қолайлы баға ұсынуда. Қалтаны қақпайтын, шығынды ақтайтын сауда қызып жатыр. Сондай-ақ жәрмеңкеге арнайы "Qazaqstan qyzylorda" телеарнасы келіп, жергілікті тұрғындармен сұқбаттасып, түсірілім жасауда.
Жәрмеңкеде ет, сүт, жұмыртқа өнімдері, сондай-ақ, көкөністер мен жеміс-жидектер, дәнді-дақыл түрлері де бар. Күзгі жәрмеңкенің қызығы саудасында ғана емес, молшылығы мен берекесінде. Сондықтан болар, жұртшылық картоп пен жуаны қап-қабымен сатып алып жатыр. Әр ауылдан жиналған мұндағы тауарлар базар бағасынан 10-15 процентке арзан. Мәселен, сиыр етінің келісі 1800 теңге болса, картоп – 160 пияз – 150, қырыққабат – 150, макарон – 250, пісте майы–3500, сәбіз – 160, қызанақ–200, қауын–200, теңгеден сатылуда. Ал, «лидер» деп аталатын күріш сортының 25 килограмы 5000 теңге болса, балық өнімінің бір келісі 600 теңгеден басталуда. Көкөністер де қолайлы бағада. Атап айтар болсақ, алма–350, жүзім–450, құрма–450, алмұрт–500 теңгеден сатылуда. Мұнда бал өнімдерінің түр-түрі, тіпті, асқабаққа дейін бар. Әрі нарықтағы бағадан әлде-қайда арзан саудалануда. Күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі аудан тұрғындарының көңілінен шығуда.
Сымбат СҰЛТАН