Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәрмеңке: Арзан баға, сапалы өнім

Жәрмеңке: Арзан баға, сапалы өнім

Өткен сенбіде Қызылорда қаласында Шиелі ауданы ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Күріш пісіп, бақша өнімдерін жиып-теруді бастаған шиеліліктер 215 тонна өнімді облыс орталығындағы жәрмеңкеге жеткізді.
Жәрмеңкеге деп жүк артып келген шиеліліктер Қызылорда қаласы Астана даңғылы бойында қала тұрғындарына төмендетілген бағамен өнімдерін ұсынды. Жаппай сатылымға күріштен бастап көкөніс, бақша дақылдары, ет, балық, сүт өнімдері сынды 25-тен аса өнім түрін алып келген. 47 көлікке артылған 215 тоннадан астам өнімге нарықтағыдан 10-15 процентке төмендетілген баға қойылды. Тұрғындар үшін жәрмеңкеде 36 тоннадан астам ақталған күріш, 61 тоннадан астам картоп, 15 тонна бас­ты пияз, 8 тонна сәбіз және ет пен балық өнімдері, сүт, құрт, жұмыртқа сатылымға шықты. Мәселен, қамбаға жаңа түскен ақ күріштің келісі – 220 теңгеден саудаланса, картоп – 140, сәбіз – 150, қызылша – 200 теңгеден сатылды. Жәрмеңкеге облыс басшысы Гүлшара Әбдіхалықова арнайы келіп, жергілікті өнімдерді қала тұрғындарымен бірге сатып алды.
Одан әрі облыс әкімі «Мәңгілік алау» алаңында ұйымдастырылған Қызылорда қаласы шаруа қожалықтарының жәрмеңкесіне де қатысты. Берекелі саудаға білек сыбана кіріскен шаруалар табиғи, қолдан жасалған өнімдерін ұсынды. Мұнда қауыннан жасалған чипсы, бұқтырылған ет, бал өнімдері сынды тәтті дәмдердің түр-түрі кезікті. Кәсіпкерлермен тілдесіп, өнімін саудаласқан облыс басшысы қала тұрғындарының азық-түлікті қолжетімді бағада алуын да қадағалады.
Сенбі күнгі сауда жаз бойы бейнеттеніп, өнім өндірген жергілікті өндірушілердің тауарын үлкен көлемде әрі тез сатуына жағдай жасап, тұрғындарға азық-түлікті делдалсыз, арзан бағамен алуға мүмкіндік сыйлады.
Жыл сайын күзгі жиым-терім мезетінде облыс орталығында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастыру игі дәстүрге айналып отыр. Бұл – қала тұрғындары мен ауыл еңбеккерлері үшін өте тиімді. Ең бастысы, экологиялық таза, құнарлы да сапалы өнімдер ғана саудаланады. Әрі бағасы да қолжетімді. Жәрмеңкеде жаппай сатылымды көптен күтіп жүрген қала тұрғындарының қарасы көп. Сатылымда облыстағы шаруа қожалықтары мен жергілікті кәсіпкерлер ұсынған күріш, ет, сүт, қаймақ, қымыз, шұбат, жұмыртқа, көкөніс пен жемістің ­саналуан түрін арзандатылған бағада сатып алуға мүмкіндік мол болды. Айта кетейік, молшылық айынан бастау алған жәрмеңке облыс орталығында әр сенбіде желтоқсан айына дейін жалғасын таппақ.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
21 қыркүйек 2021 ж. 776 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930