Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КҮЗГІ ЖӘРМЕҢКЕ КӨҢІЛ ҚУАНТТЫ

КҮЗГІ ЖӘРМЕҢКЕ КӨҢІЛ ҚУАНТТЫ

Өткен аптада ауданда күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Аудан орталығының қақ ортасынан қанат жайған ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне келген халықтың қарасы қалың. Жәрмеңкеге аудан әкімі Н.Мақұлбеков барып, базар бағасы мен тұтынушылар талабына назар аударды.
Сауда таңсәріден қызу басталып, ұзын-сонар кезек қалыптасты. Саудаға түскен тауар арзан бағамен сатылды. Ауылдардан артынып, тартынып келген тауар өндірушілер тұтынушыларға қолайлы баға ұсынды. Қалтаны қақпайтын, шығынды ақтайтын сауданың қызғаны соншалық, өнімдер түске дейін сатылып кетті.
– Жәрмеңкенің боларын естіген соң, азанымен базарға келуге қамдандым. «Қыс шанаңды жаз сайла» дейтін халықпыз ғой. Картоп, сәбіз, жуа сынды өнімдерді арзан бағада қап-қабымен алып үлгердім. Қазір нарықтағы баға күн сайын құбылып тұр. Сондықтан, қалтаға салмақ салмайтын жәрмеңкеде жергілікті өнімдерден көбірек алуға тырыстым, – дейді Гүлмира Алматқызы.
Жәрмеңкеде ет, сүт, жұмыртқа өнімдері, сондай-ақ, көкөністер мен жеміс-жидектер, дәнді-дақыл түрлері де бар. Күзгі жәрмеңкенің қызығы саудасында ғана емес, молшылығы мен берекесінде. Сондықтан болар, жұртшылық картоп пен жуаны қап-қабымен сатып алып жатты. Әсіресе, Бестам ауылдық округінің картобына деген сұраныс жоғары болды. Жәрмеңкеге арнайы Бестамнан алып келген картоптардың барлығы екі сағаттың көлемінде сатылып кетті. Әр ауылдан жиналған мұндағы тауарлар базар бағасынан 10-15 процентке арзан. Мәселен, сиыр етінің келісі 1800 теңге болса, картоп – 130, пияз – 80, қырыққабат – 250, сәбіз – 180 теңгеден сатылды. Ал, «бидайкөл» деп аталатын күріш сортының 25 килограмы 5500 теңге болса, балық өнімінің бір келісі 600 теңгеден бастау алды. Бағалардың барлығын жаттап үлгермейсің. Себебі, мұнда қажет өнімнің барлығы бар. Мұнда бал өнімдерінің түр-түрі, тіпті, тарының отаны саналатын Ортақшылдың талқаны мен сөгі де бар. Әрі нарықтағы бағадан әлде-қайда арзан. Мұндай қайнаған жәрмеңке сатып алушылардың көңілінен шықты. Күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі аудан тұрғындарының көңілін көтерді. Бағасы арзан өнімнің сапасы жоғары.

Сымбат СҰЛТАН
05 қазан 2021 ж. 1 305 0