Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚТОҒАНДА АЙТЫС ӨТТІ ДҮБІРЛЕГЕН

АҚТОҒАНДА АЙТЫС ӨТТІ ДҮБІРЛЕГЕН

Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және спорт бөлімі және Досбол ауылдық клуб үйінің ұйымдастырумен Ақтоғанда Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толу мерейтойы аясында Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетованың 70 жылдығына арналған «Қайсар қанат Сырдың қызы Жадыра» атты облыстық ретро айтыс болып өтті. Ауыл жұртының көптен күткен айтысын аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков тамашалап, ақжарма тілегімен ашып берді.
– Айтыс – бабаларымыздан мұраға қалған ұлттық құндылықтардың бірі. Қазақтың ерекше баға жетпес өнері. Тарих тұңғиығынан бері қазақты айтыссыз, айтысты қазақсыз елестету мүмкін емес. Төбемізге көтеретін төл өнеріміз. Осы киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, аға буын мен талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында бүгінгідей ақындар айтысын өткізу халқымыздың ежелгі үрдісі. Бұл айтыс қаһарман қыз, еңбек адамы Жадыра Таспамбетованың 70 жылдығына арналып отыр. Айтысты сағынып қалғандарыңыз көрініп тұр. Аулада ине шаншар орын жоқ. Айтыс өнерінде аузымен құс тістеген, етек-жеңі жиюлы, ойы ішінде саптаулы, қиялы да қиядағыны қалт жібермес қыран текті өнер шеберлері Ақтоған топырағында жұртты ғажап әсерге бөлеген тартымды айтыс ұйымдастырады деп білемін, – деді ол.
Қазақтың ақсүйек өнерін көруге келген көрерменде шек жоқ. Ауылды кернеп, аудандық мәслихат төрағасы айтып өткендей, айтыс көруге келгендердің қарасы қалың. Шәкәрім ақынша айтсақ: «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», себебі бұл сөз додасының жөні бөлек, бітімі басқа. Неге десеңіз, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі Шиелінің тарлан тұлғасының ғибратты ғұмырын жырлауға кіл жүйріктер келді. От ауызды, орақ тілді ақындар сынға түскен аламан айтысты айтыскер ақын, жырау, әнші Марат Сүгірбай жүргізді.
Тоқталатын болсақ, 1990-2000 жылдары қазақтың айтыс өнерінің аманат жүгін абыроймен арқалап, республика көлемінде айтыссүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген азулы ақындар Серік Ыдырысов, Қазына Өзденбаева, Кенжебай Жүсіп, Әбілқайыр Сыздықов, Айдос Рахметов, Зухра Төлепова, Айнагүл Әбуова, Талғат Күзенбаевтар сынға түсті.
Сөз қағыстырып, ой тоғыстырып, өлшеулі 20 минуттың ішінде қатысушылар қабілет-қарымдарын жан-жақты көрсетуге тырысып бақты. Жыр жалауын желбіреткен додада алғаш болып, «Замандастар» айтысымен Жаңақорғанның атынан аламанға түскен Әбілқайыр Сыздықов пен қызылордалық Айнагүл Әбуова бастады. Қаһарман қыз жайлы толғанған қос ақын ретро үлгісін көрсетті. Үшінші болып сахна төріне көтерілген аралдық Айдос ­Рахметов пен қызылордалық ­Зухра Төлепова қыз бен жігіттің айтысын өз биігіне көтерді. Екінші жұп қармақшылық Серік Ыдырысов пен шиелілік Талғат Күзенбаевтың «Жезде мен қайны» айтысы ерекше әсер қалдырды. Тәжірибелі ақындар әдептен аспай, жезде мен қайны болып сөз жарыстырды. Төртінші жұп болып төрге озған, «Қайны мен жеңге» айтысымен Қызылорданың атынан шыққан Қазына Өзденбаева мен шиелілік ­Кенжебай Жүсіп те сүбелі айтыс жасады.
Айтулы шарада киелі өнерді пір тұтқан ақындарға аудан әкімі Нұржан Ахатовтың атынан Алғыс хаттар мен бірдей көлемде қаржылай сертификаттар табысталды.
Марапат соңынан айтыскер ақындар Серік Ыдырысов пен Кенжебай Жүсіп ауылдағы екі бүлдіршіннің тұсауын кесіп, жүрекжарды жыр шумақтарын арнап, балапандарға бақытты балалық шақ, кемел келешек тіледі.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
28 тамыз 2023 ж. 184 0