Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жырласа, жастар жырласын

Жырласа, жастар жырласын

Төл өнерімізге деген шынайы құрмет, ақындар айтысына деген айрықша сүйіспеншілік шиелі жұртынан бір елі ажыраған емес. Қазақы сөз сайысы қашан да қадірлі. Қара өлең қара домбырамен үйлескен тұста арқа қозып, рух атойлайтыны да содан болар, бәлкім. Жуырда аудандық салтанат сарайында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жырласа, жастар жырласын» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Көмейіне жыр толтырып, сөзден маржан терген айтыскер ақындар Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктерді тақырыпқа арқау етті.
Сан ғасыр бойы бағасын жоғалтпаған киелі сөз өнері ақиқаттың алдаспанына айналып, алты Алаштың басын біріктіріп келеді. Алайда, айтысты халықтық өнер ретінде ең биік деңгейге қазақ көтерді. Аты аңызға айналған Сүйінбай мен Қатағанның сөз қағысы қырғыз бен қазақтың мызғымас достығына дәлел болса, қыз бен жігіт айтысының нағыз классикалық үлгісіне айналған Біржан мен Сараның сайысы – кейінгі ұрпаққа рухани азық, таусылмас қазына. Қара сөзбен темір балқытып, тұлпар тағалаған текті қазақ үшін айтыстың орыны бөлек. Иә, атадан қалған асыл сөзді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ұлтты ұйыстырған айтыскер ақындар халық руханиятының барометрі іспетті. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, «Айтыс – сөз барымтасы». Иә, «қыран ұшса қанаты талған, тұлпар шапса тұяғы тозған» дана даланың рухын тағы бір мәрте 8 ақын асқақтатты.
Атап айтар болсақ, Алматы облысынан ­Сырым Әуесхан, Сырдария ауданынан Нұрмат Мансұров, Шиелі ауданынан Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әмір, Жамбыл облысынан Рай Дөңбай, Нұр-Сұлтан қаласынан Нартай Тілеуқұл, Арал ауданынан Бексұлтан ­Орынбасаров, Түркістан қаласынан Тұрар Тілеулиевтер сынға түсті.
Дүбірлі доданың алғы сөзін аудан басшысы Нариман Мақұлбеков алып, жас ақындарға сәттілік тіледі.
– Айтыс – бабаларымыздан мұраға қалған ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Қазақтың ерекше баға жетпес өнері. Тарих тұңғиығынан бері қазақты айтыссыз, айтысты қазақсыз елестету мүмкін емес. Төбемізге көтеретін төл өнеріміз. Осы киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, аға буын мен талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында бүгінгідей ақындар айтысын өткізу халқымыздың ежелгі үрдісі. Осы үрдістен жаңылмай келе жатқан киелі мекен Шиелі халқы тәуелсіздік тойына тарту ретінде еліміздің арқалы айтыскер ақындарының басын қосып, ел мерейін тағы бір мәрте үстем етуде. Киелі Шиелі өңірінен атақты ақын-жыраулар дүниеге келгенін, арғысы Бұдабай Қабылұлы мен облыстың бас ақыны атанған Маханбетқали Тұрсановтар сөз өнерін дәріптеген болатын. Төл өнеріміз айтыс­ты Шиелі жұртының асығып сағына күтетіні белгілі. Бүгінгі айтыста ақындарымыз қасиетті де, қастерлі бабаларымыздың асыл мұраты Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын арқау етіп, жырдан шашу шашатынына сенімдіміз. Сондай-ақ, Сыр алаштың анасына балаған, киелі Шиелі ауданынан шыққан бес ғасыр адамымен, 41 Еңбек Ерінің көшін бастап тұрған туған жер төсіне қайың кетпенімен мәңгілік өшпейтін еңбек дастанын жазған Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы мен ерлігі ақындардың өлеңдеріне тұздық, тілдеріне тірек болады деп ойлаймын. Айтыс өнерінде аузымен құс тістеген, етек-жеңі жиюлы, ойы ішінде саптаулы, қиялы да қиядағыны қалт жібермес қыран текті өнер шеберлері киелі Шиелі топырағында жұртты ғажап әсерге бөлеген тартымды айтыс ұйымдастырады деп білемін, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аузы дуалы, сөзі саралы жас ақындарға Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының және 2021 жылғы Алтын домбыра иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Бекарыс Шойбеков, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі», айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, «Қазақстан Жастар одағы» сыйлығының лауреаты, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», республикаға белгілі айтыскер ақын Әбілқайыр Сыздықов, үш дүркін «Алтын домбыра» және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы», «Мәдениет саласының үздігі» Мұхтар ­Ниязов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Мәдениет саласының үздігі», республикаға белгілі айтыс ақын Кенжебай Жүсіп, Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеевтер қазылық етті.
Шынында да, тәуекелге табан тіреп келген айтыскерлер көрермен көңіліндегі «Жастардың аузынан жөндемді сөз шыға қояр ма екен?» деген мазмұндағы күмәнді ой тұманын әу бастан-ақ сейілтті. Жалындаған жігері бар жас ақындар Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістіктерді Қазақ елінің бүгінгі күнге дейін бағындырған, дүйім жұртты тамсандырар биік белестері мен кемел келешегін әдемі әспеттеді. Айтыс барысында жастардың шебер сөз құрау мәдениеті, көркем тіл дарындылығы, ұшқыр ой тапқырлығы көптің көңілінен шықты.
Әзіл-қалжыңы аралас, салмақты сөздерді саралап, жарыс көркін қыздыра білген жас таланттардың сөз сайысында бас жүлдені Бексұлтан Орынбасар (Арал ауданы) иеленсе, І орын Ержан Әмір (Шиелі ауданы) қанжығалады.Ал, ІІ орын Тұрар Тілеулиевке (Түрістан қаласы) бұйырды. Одан соң, ІІІ орынды Нартай Тілеуқұл (Астана қаласы) мен Нұрмат Мансұров (Сырдария ауданы) бөлісті. Аламанға қатысқан өзге ақындарға арнайы алғыс хат пен қаржылай сыйлықтар ­табысталды.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
28 желтоқсан 2021 ж. 703 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930