Мейірбектің мерейі үстем болды

Ел тәуелсіздігінің 30 жылыдығына орай елдің рухын көтеріп, бірлікті ту ету мақсатында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – қасиетім, қастерлім» атты Республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Халықтық сарын мен көркем әдебиет мұраттарын бір арнаға тоғыстырып, айтыскер ақындардың қарым-қабілетін сын таразысына салды. Астанада өткен ақындар айтысының сахнасында дүйім жұртты аузына қаратып, бұқара халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан марапат төрінен көрінді.
Мейірбек Сұлтанхан 1993 жылы 26 маусымда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге құштар көңілі бүгінде Алаштың азулы ақыны деп айтатын дәрежеге жеткізген. Мейірбекті айтыс аламанынан танитын жұрт, оның бірнеше аспапта ойнайтын қасиетін біле бермейді. Айтыс өнерінің талантты өкілдерінің бірі, жас болса да талай додаларда халықтың көкейіндегісін дөп басқан суырып салма ақын – Мейірбек Сұлтанхан бұдан бөлек, «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Мейірбек секілді шын жүйріктер барда жұртшылықтың жігерін құм, жүрегін мұң басуы мүмкін емес.