Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Айтыс өтті дүбірлеп

Айтыс өтті дүбірлеп

Айтыс – қазақтың төл өнері. Қиыннан қиыстырып, суырыла сөз саптау, қоғамның келбетіне үн қосу, ел мүддесін ескеру нағыз айтыс ақынының қасиеті. Қазақтың ұлттық сөз өнері қай заманда болмасын өз құндылығын жойған емес. Күні кеше аудандық Салтанат сарайында аудан әкімдігінің қолдауымен «Алтын күз – 2022» мерекесі мен қарымды қаламгер, ақын Дүйсенбі Смайыловтың 90 жылдығына орай «Маржаны Сырдың Шиелі» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Сан ғасыр бойы бағасын жоғалтпаған киелі сөз өнері ақиқаттың алдаспанына айналып, алты Алаштың басын біріктіріп келеді. Алайда, айтысты халықтық өнер ретінде ең биік деңгейге қазақ көтерді. Аты аңызға айналған Сүйінбай мен Қатағанның сөз қағысы қырғыз бен қазақтың мызғымас достығына дәлел болса, қыз бен жігіт айтысының нағыз классикалық үлгісіне айналған Біржан мен Сараның сөз сайысы – кейінгі ұрпаққа рухани азық, таусылмас қазына. Қара сөзбен темір балқытып, тұлпар тағалаған текті қазақ үшін айтыстың орыны бөлек. Иә, атадан қалған асыл сөзді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ұлтты ұйыстырған айтыскер ақындар халық руханиятының барометрі іспетті. Бұл жолғы сөз додасының жөні бөлек, бітімі басқа. Неге десеңіз, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі Шиелінің тарлан тұлғасының ғибратты ғұмырын жырлауға кіл жүйріктер келді.
Атап айтар болсақ, Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков, Павлодар облысынан Аспанбек Шұғатаев, Қарағанды облысынан Төрехан Совет, Абай облысынан Рүстем Қайыртай, Ақтөбе облысынан Марат Ахметов, Шиелі ауданынан Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әмір, Мейрамбек Ибрагимұлы, Бекжан Ержігіт, Елдар Әмірхандар сынға түсті.
Дүйсенбі Смайыловтың ұл-қыздарының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған жыр аламаны рухани жаңғырудың бір көрінісі. Ал айтысты төл өнердің тұтқасын ұстаған халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы, айтыс ақыны Иранғайып Күзембаев тізгіндеді.
Журналист Д.Смайыловтың мәртебесін айғақтаған сөз барымтасын аудан әкімі Нұржан Ахатов ашып берді.
– Айтыс – бабаларымыздан мұраға қалған ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Қазақтың ерекше баға жетпес өнері. Тарих тұңғиығынан бері қазақты айтыссыз, айтысты қазақсыз елестету мүмкін емес. Төбемізге көтеретін төл өнеріміз. Осы киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, аға буын мен талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында бүгінгідей ақындар айтысын өткізу халқымыздың ежелгі үрдісі. Бұл айтыс ақын, журналист Дүйсенбі Смайыловтың 90 жылдығына арналып отыр. Ең алғаш еңбек жолын ұстаздықтан бастағанымен, кейін журналистік қызметке бар ғұмырын арнады. Дүйсенбінің журналистік мектебінде Қ.Мырзахметұлы, С.Мұсайымов, А.Достияров, Н.Аюпов, А.Айтуаров, тағы басқа ондаған ауыл-село тілшілері тәрбиеленіп, газет мәртебесін көтерді. Ендеше оның өмірі мен шығармашылығы әрбір жасқа үлгі-өнеге. Айтыс өнерінде аузымен құс тістеген, етек-жеңі жиюлы, ойы ішінде саптаулы, қиялы да қиядағыны қалт жібермес қыран текті өнер шеберлері киелі Шиелі топырағында жұртты ғажап әсерге бөлеген тартымды айтыс ұйымдастырады деп білемін, – деді аудан басшысы.
Кіл сөз мергендері басқосқан өнер додасына сөздің құнын білетін айтыс ақыны Әсия Беркенова, фольлор зерттеушісі Алмас Алматов, айтыскер ақын Жүсіп Кенжебай, мәдениет саласының ардагері Исабек Байкенжеев төрелік етті.
Жалындаған жігері бар айтулы ақындар жасындай жарқылдап өткен Дүйсенбі Смайыловтың бар ғұмырын өткір сөзбен өрнектеді. Қала берді көмейі бүлкілдеп, көркем ойдан кестелі сөз құраған 10 ақын өз реттіліктері бойынша сұлу сөзге сусаған жұрттың айызын қандырды. Ақтық бәсекеге шыққан Ержан Әміров, Бекарыс Шойбеков, Мейірбек Сұлтанхан, Рүстем Қайыртайұлы «Құлманбет» айтысының озық үлгісін көрсетіп, топтаса айтысты.
Шиелі – қазақылықтың қазығы қағылған киелі мекен. Қоғам бедерінде толғақты да толғамды тұстар жетерлік. Сондықтан қатысушы ақындар тек Дүйсенбі Смайыловтың шығармашылығын ғана сөз етпей, бүгіннің берекелі бедерімен қоса өзекті мәселелерді де жырлап бағуға тырысты.
Әзіл-қалжыңы аралас, салмақты сөздерді саралап, жарыс көркін қыздыра білген ақындардың сөз сайысында бас жүлдені Ержан Әмір (Шиелі ауданы) иеленсе, І орын Бекарыс Шойбеков (Түркістан облысы) қанжығалады. Ал, ІІ орын Рүстем Қайыртайұлына (Абай облысынан) бұйырды. Одан соң, ІІІ орынды Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы) пен Мейірбек Сұлтанхан (Шиелі ауданы) бөлісті. Аламанға қатысқан өзге ақындарға арнайы алғыс хат пен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Ш.Тілеубаев
25 қазан 2022 ж. 891 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930