Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек министрлігі елмен бірге

Еңбек министрлігі елмен бірге

Өткен аптада Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі Ержан Біржанов пен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гауһар Қалмақова ауданға арнайы іс–сапармен келіп, үш бірдей нысанның жұмысымен танысты.
Алғашқы нысан 2018 жылдың қаңтар айында жұмысын бастаған «Думан-Шиелі» ЖШС арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болды. Арнайы іс-сапармен келген вице-министр орталықтың жұмысымен толық танысып шықты.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске қосылған әлеуметтік жобаны оңтайлы ойластырған Қанат Ысмағұлов әлеуметтік қызметтің 8 түрін қарастырған. Сонымен қатар логопед, дифектолог, психолог, тәрбиеші, әлеуметтік педагог және жаттықтырушылар тумысынан сал ауруына ұшыраған балалармен жұмыс істейді. Онда білікті мамандар түрлі іс-шаралар, ойындар, топтық жұмыстар жүргізу арқылы балалардың сөйлеу, ойлау, есте сақтау қабілетін жақсартуға атсалысады. Сондай-ақ аталған орталықта 54 қызметкер қарттар мен ТҚА аппараты бұзылған 225 мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға қызмет көрсетеді. Айта кетейік, жыл басынан бері орталықтан 1197 зейнеткер ем алып шықты. Бүгінгі таңда орталық гипотерапия емін іске қосып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
– Шынын айтсам, мынадай аудандағы қарттар ­дема­латын орталық талапқа сай соғылғанына қуанып ­отыр­мын. Әсіресе, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен егде тартқан қарттарға өмір сыйлап келеді. Қарттарын қадірлеп, мүмкіндігі шектеулі балаларға шексіз қуаныш сыйлайтын орталықтың жұмысы жемісті, ісі келісті болсын, – деді ­Ержан Біржанов.
Әрі қарай вице-министр Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне табан тіреді.
Айта кетейік, 2021 жылы 1400-ге жуық азамат қоғамдық жұмысқа тартылса, соның 586-сы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал жыл басынан бері 402 азамат қоғамдық жұмыс негізінде екі қолға бір күрек тауып отыр. Одан бөлек жастар практикасымен химия, биология, бастауыш білім беру, мектепке дейін оқыту және өндіріс орындарына жас мамандар тұрақты жұмысқа орналасқан. Айта кетейік, бүгінгі кезде жастар практикасына төленетін айлық бөлшері 90800 теңге болып бекітілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице министрі Ержан Біржановтың айтуынша, зейнетақыға, қоғамдық жұмыстар мен гранттарға және басқа да төлемдерге республика бойынша 69 миллиард қосымша қаражат бөлінген.
Сонымен бірге, гранттардың мөлшері мен жастар практикасының мерзімі де өскенін айтып өтті. Бұл өзгерістер заң жобасына енгізілді, енді мәжілісте қаралуда. Алдағы уақытта қоғамдық және жастар тәжірибесі негізіндегі жас­тарды тұрақты жұмысқа алып қалу жолдарын ойластыру керек, – деді ол. Одан бөлек «Үміт» мүгедектер қоғамдық қорына берілген «инватакси» жұмысымен де танысты.
Ғұлама әл-Фараби «Адамдардың сұранысы – олардың кемшілігі емес, үздіксіз дамуының белгісі» деген екен. Сол секілді бүгінде бастауыш негіздегі жеке оқу орталықтарына да сұраныс көп. Соның бірі – Шиелі ауданындағы «Самғау» оқу орталығы. Ондағы жұмыс барысын көзбен көрген вице-министр оқушылармен тілдесті.
Аталған білім ордасы заманауи техникамен жабдықталған. Бүгінде онда 15 мұғалім қызмет көрсетіп, 250 оқушыға бағыт-бағдар беріп, таным көкжиегін дамытуда. Бұл орталық алғаш жұмысын 2013 жылы «Shieli english world» ағылшын тілін үйрететін курс ретінде бастаған. Уақыт өте келе, халықтың сұранысына байланысты, үлкен орталыққа айналып отыр. Екі қабатты оқу орталығы 30 млн теңге көлемінде жеке кәсіпкердің қаржысына салынды. Қазір ағылшын тілін меңгеру, заман талабы болғандықтан, қолданыс аясы жыл өткен сайын дамып, артып келеді. Осы күнге дейін орталықта 3 мыңға жуық балалар білім алып, қанаттанды. Сонымен қатар, білім ордасында бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларына математика, ағылшын, қазақ тілі, орыс тілі, көркем жазу, оқу техникасы сабақтары оқытылса, 5-6 сынып оқушыларын Назарбаев зияткерлік мектебіне даярлайды. Мектеп бітірушілерге ҰБТ пәндеріне қосымша дайындық жүргізіліп, Дарын мектебінде оқуына мүмкіндік жасап, қосымша білім береді. Жас кәсіпкер Мөлдір Дүйсенова қайырымдылық істерде де белсенділік танытып жүр. Ол әр жыл сайын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 30 баланың тегін білім алуына жағдай жасайды.
Ауданға арнайы іс-сапармен келген Е.Біржанов пен Гауһар Қалмақова аудан халқының мұң-мұқтажын да назарға іле кетті.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ

11 сәуір 2022 ж. 907 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930