Жұмысы жанданған орталық
Жыл басынан бері Шиелі ауданында 21 нысан ел игілігіне берілді. Бұл 2018 жылы атқарылған шаруалардың едәуір көлемді екенін аңғартады. Сол нысандар қатарында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске қосылған «Думан-Шиелі» ЖШС арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы да бар.
«Думан-Шиелі» ЖШС арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталық ұжымының ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» атты іс-шара өтті. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары А.Есқараева, «Жобаларға сараптама жасау» орталығының директоры Л.Алдоңғарова және Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған, Сырдария және аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшылары, ардагерлер мен кәсіпкерлер қатысты.
Қаңтар айында жұмысын бастаған аталмыш орталық бүгінгі таңда тірек қимыл-қозғалысы бұзылған жандарға 8 әлеуметтік қызмет түрін көрсетеді. Сонымен қатар, логопед, дифектолог, психолог, тәрбиеші, әлеуметтік педагог және жаттықтырушылар тумысынан сал ауруына ұшыраған балалармен жұмыс жасауда. Онда білікті мамандар түрлі іс-шаралар, ойындар, топтық жұмыстар жүргізу арқылы балалардың сөйлеу, ойлау, есте сақтау қабілетін жақсартуға ат салысады. «Думан-Шиелі» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Қ.Ысмағұлов: – «Осы орталықта 54 қызметкер қарттар мен мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда 390 адам қызмет алса, оның 347 зейнеткерлер. Гипотерапия емін іске қосып, жақсы нәтижелерге қол жеткізудеміз. Алдағы уақытта балшықпен емдеу түрін қосу да ойда бар» – дейді.
Облыста мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында алғашқы болып бой көтерген «Думан-Шиелі» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары А.Есқараева өзіндік бағасын беріп, өзге аудандарға да осындай орталықтар қажет екенін тілге тиек етті. Қарттарын қадірлеп, мүмкіндігі шектеулі балаларға шексіз қуаныш сыйлайтын орталықтың жұмысы жемісті, ісі келісті. Тіпті, шарада қызмет алушылар ән шырқап, би билеп, өз өнерлерін көрсетті.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.