Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Думандағы думанды кеш

Думандағы думанды кеш

Ата Заң – халықтың құқығы мен бостандығын қорғаумен қатар, ел ішіндегі біртұтастықты да қызғыштай қорып отыр деу­ге толық негіз бар. Әлемде саяси ойындардың салдарынан түрлі оқиға болып жатқан замандағы мызғымаған бейбітшілігіміз соған дәлел. Конс­титуция күніне орай, «Думан-Шиелі» ЖШС арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Егемен елдің кемеңгер басшысы» атты мерекелік іс-шара өтті.
«Баланың табанына кірген тікен, ананың маңдайына қадалады» демекші, бауыр еті баласы үшін өмірдің азабы мен қуанышына, жылуы мен суығына қатар шыдайтын ақ жүректі аналарға балапанының амандығынан қымбат нәрсе жоқ. Ал тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен егде тартқан қарттардың күтімі тіптен бөлек. Олар қоғамның қарбалас тіршілігіне икемделіп, қоршаған ортамен қарым-қатынас орнату үшін «Думан-Шиелі» ЖШС арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы тынымсыз қызмет етіп келеді. Айта кетелік, аталған орталық облыс көлемінде алғаш болып 2018 жылдың 24 қаңтарында ашылған болатын. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске қосылған әлеуметтік жобаны оңтайлы ойластырған Қанат Ысмағұлов әлеуметтік қызметтің 8 түрін қарастырған. Мысалы, массаж, Жаңақорғаннан алынған емдік батпақ, электрофарез, небулайзер секілді ем-домды осы орталықтан алуға болады.
Одан бөлек зейнеткерлер емханадан жолдама алып және ХКҚО-ға тіркелу арқылы аталған орталықтың тегін қызметіне жүгіне алады. Яғни таңнан кешке дейін қажеттілігіне қарай емдеу-сауықтыру шаралары, тамақтану – барлығы ақысыз ұсынылады. Орталық бір кезеңде 50 зейнеткерге осы қызмет түрін көрсетуге қауқарлы.
Халықтың оң бағасын алған «Думан-Шиелі» ЖШС арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мереке қарсаңында да тыныш қалмады. Қызмет алушылардың көңілін көтеріп, кеш ұйымдастырды. Шараны аталған орталықтың директоры Қ.Ысмағұлов ашып, атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Осы орталық ашылғалы бері қызмет көрсеткен зейнеткерлер саны 543-ке жеткен, ал балалар саны 81 болып отыр. Сонымен бірге қазіргі уақытта 50 зейнеткер мен 40 тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қызмет көрсетілуде. Келешекте алыс ауылдан келетін қызмет алушыларға қона жататын орын қарастырудамыз. Сондай-ақ әр ауылдан осындай орталықтың шағын түрін ашу ойда бар», – дейді. Шараның маңызы мен мәні – қазыналы қарттарымыз бен теңдесіз байлығымыз бала екенін тілге тиек етті. Ауданның даму жолында сіңірген еңбегі үшін бірқатар зейнетке алғыс хат беріліп, грамоты тапсырылды. Одан кейін сөз кезегі аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбетке беріліп, қызмет алушыларды мерекемен құттықтады. Тіпті шарада қызмет алушылар ән шырқап, би билеп, өз өнерлерін көрсетті. Бүлдіршіндер лық толы залдағы халықтың ықыласына бөленді.
Бүгінгі таңда озық 30 елдің қатарына қосылуды меже тұтып, дамыған елдермен тәжірибе алмасудамыз. Ол әрине, жаһандану мен жаңашылдықты талап етеді. Міне, осы орайда Еуропада мойындалған атқа мініп серуендеу, суда жүзу мен ән айтып, би билеу сынды әдістерді де ем-шара ретінде қолданып жатқан орталықтың талапқа сай талпынысын неге бағаламасқа? Өйткені, тірек-қимыл қозғалысы бұзылған баланың әрбір қозғалысы не болмаса сөзі – ата-ана үшін жеңіс. Қуаныш. Елімізде енді ғана дамып келе жатқан иппотерапия, нақтырақ айтсақ жылқы малымен емдеу әдісі сал ауруына шалдыққан адамдарды айықтырады. Сонымен қатар логопед, дефектолог, психолог, тәрбиеші, әлеуметтік педагог және жаттықтырушылар тумысынан сал ауруына ұшыраған балалармен жұмыс істеуде. Онда білікті мамандар түрлі іс-шаралар, ойындар, топтық жұмыстар жүргізу арқылы балалардың сөйлеу, ойлау, есте сақтау қабілетін жақсартуға атсалысады. Ал зейнеткерге массаж, емдік батпақ пен емдік ванна, сонымен қатар түрлі жаттығу мен би терапиясын алып, өзін сергек ұстауы, замандастарымен әңгіме дүкен құруының өзі бір ғанибет.
Қарттарын қадірлеп, мүмкіндігі шектеулі балаларға шексіз қуаныш сыйлайтын орталықтың жұмысы жемісті, ісі келісті.

Жұлдызай Ноғайбайқызы,
Гүлнәр Дүйсебай
03 қыркүйек 2019 ж. 940 0