Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Думандағы» думанды кеш

«Думандағы» думанды кеш

Ұлыстың ұлы күніне орай мемлекеттік - жекешелік әріптестік аясында ашылған «Думан - Шиелі» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара болып өтті.
Орталық ауласына 8 қанатты ақ шаңқан киіз үй тігіліп, ішіне ұлттық тағамдардан ақ дастархан жайылды. Бір жағында кимешек киген қызмет алушы апалардың қатысуымен құрт жаю, майсөк былғау, күбі пісу, жент жасау, нан жаппа, келі түю, диірмен тарту, жүн тарау, ұршық иіру дәстүрі көрсетілді. Даладағы отқа пісіп жатқан иісі мұрын жаратын ыстық бауырсақ та осы жерден табылды. Ал, мекеме қызметкерлері мен өзге қатысушылар сахна төрінде ән шырқап, би билеп көрермендердің қошеметіне бөленді.Сәбиге азан шақырып ат қою, бесікке салу дәстүрлері жасалды. Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы қызмет алушылар мен мекеме қызметкерлеріне өзінің мерекелік құттықтауларын арнап, іс – шараны ашып берді. Арқан тартыс, қол күрес және гір көтеру спорттық шаралары да мерекелік кештің көркін қыздыра түсті.Барлығы шынайы, еркін. Сахнадағы қойылымдары да ерекше.
Ашылғанына аз ғана уақыт болған «Думан-Шиелі» мекемесінің бұл алғашқы шарасы емес. Бұған дейін де креативке толы жаңашыл жобаларына куә болғанбыз.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ.
21 наурыз 2019 ж. 1 391 0