Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңалту орталығы оң нәтижелер көрсетуде

Оңалту орталығы оң нәтижелер көрсетуде


Тағдырдың маңдайына жазған ісін қара нардай көтеріп, еменнің иір бұтағындай мықтылық танытатын қайраты кемел, қажыры мол адамдарды көргенде қайран қалып, таңдай қағатының рас. Олар күн сайын түрлі кедергілерге тап болады. Сол үшін де еліміз кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Өңірде осы мақсатта қыруар жұмыстар атқарылып жатыр.
«Баланың табанына кірген тікен, ананың маңдайына қадалады» демекші, бауыр еті баласы үшін өмірдің азабы мен қуанышына, жылуы мен суығына қатар шыдайтын ақ жүректі аналарға балапанының амандығынан қымбат нәрсе жоқ. Ал, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен егде тартқан қарттардың күтімі тіптен бөлек. Олар қоғамның қарбалас тіршілігіне икемделіп, қоршаған ортамен қарым-қатынас орнату үшін «Думан-Шиелі» ЖШС арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы тынымсыз қызмет етіп келеді. Айта кетелік, аталған орталық облыс көлемінде алғаш болып 2018 жылдың 24 қаңтарында ашылған болатын. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске қосылған әлеуметтік жобаны оңтайлы ойластырған Қанат Ысмағұлов әлеуметтік қызметтің 8 түрін қарастырған. Мысалы, массаж, Жаңақорғаннан алынған емдік батпақ, электрофарез, терапевт, педиатр, невропотолог, травматолог-ортопед, лор, уролог дәрігерлерінің қабылдауы және емдік нұсқаулықтар беру, небулайзер секілді ем-домды осы орталықтан алуға болады.
Бүгінгі таңда, 1132 қария мен 187 мүмкіндігі шектеулі балалар орталықта ем алуда. Қызмет алушыларға үш мезгіл ыстық тамақ, денсаулығын ескере отырып қажет етілген жағдайда диеталық тағамдар ұсынылады. Дұрыс тамақтану денсаулықтың негізі болса, еңбек терапиясы қоғамдағы белсенділікті арттыра түседі. Орталықта қызмет алушылардың еңбек дағдыларын айқындау барысында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оларды «Ата өнері – балаға мұра» және «Шебердің инесі де, күймесі де алтын» үйірмелеріне қатыстырып, іс-шараларды безендіруге қатысу жұмыстарын жүргізу, көгалдандыру, бөлме гүлдеріне күтім жасау сынды іс-шаралар жүргізіледі.
Орталық ашылғалы еңбек терапиясымен 469 қызмет алушы айналысуда. Тоқсан сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ескі заттардан жаңа бұйым жасап, түрлі дәндерден картиналар, қамырмен жұмыс, пластикалық заттардан бұйым жасау арқылы еңбекке баулып, кәсіпке үйретеді. Сапалы қызмет, тынымсыз еңбектің нәтижесінде ем алушылардың бойынан оң өзгерістер де байқалған. Бірі сөйлеп, бірі амандасуды, енді бірі өз бетінше тамақтануды үйренді. Бұл тірек-қимыл қозғалысы бұзылған бала үшін үлкен жетістік.
Жетістік демекші, «Думан-Шиелі» оңалту орталығының қызмет алушылары мамандардың көмегімен облыстық, аудандық өнер жарыстарына да белсенді түрде қатысады. Олар облыстық ерекше жандардың шығармашылығына арналған ІХ «Жүрек жылуы» өнер фесиваліне қатысып, «Қолөнер» номинациясында бас жүлде алса, басқа 4 номинация бойынша алғыс хаттармен марапатталған. 2020 жылы маусым айында балалар бөлімінің қызмет алушысы А.Қалдыбай, Облыстық «Жұлдызай» балалар шығармашылық фестивалінде «Вокал» номинациясы бойынша қатысып 2-ші жүлделі орын алды. 2019 жылы «Қазақстанның Үздік Әлеуметтік жобалары» байқауының аймақтық кезеңінен 1 орынды жеңіп алды. Ал, жуырда ғана оңалту орталығы «Жомарт жүрек» қайырымдылық жобасында «Жылдың үздік ұйымы» номинациясын иеленді.
Бүгінгі таңда, озық 30 елдің қатарына қосылуды меже тұтып, дамыған елдермен тәжірибе алмасудамыз. Ол әрине, жаһандану мен жаңашылдықты талап етеді. Міне, осы орайда Еуропада мойындалған атқа мініп серуендеу, суда жүзу мен ән айтып, би билеу сынды әдістерді де ем-шара ретінде қолданып жатқан орталықтың талапқа сай талпынысын неге бағаламасқа? Өйткені, тірек-қимыл қозғалысы бұзылған баланың әрбір қозғалысы не болмаса сөзі – ата-ана үшін жеңіс. Қуаныш. Елімізде енді ғана дамып келе жатқан иппотерапия, нақтырақ айтсақ жылқы малымен емдеу әдісі сал ауруына шалдыққан адамдарды айықтырады. Сонымен қатар логопед, дефектолог, психолог, тәрбиеші, әлеуметтік педагог және жаттықтырушылар тумысынан сал ауруына ұшыраған балалармен жұмыс істеуде. Онда білікті мамандар түрлі іс-шаралар, ойындар, топтық жұмыстар жүргізу арқылы балалардың сөйлеу, ойлау, есте сақтау қабілетін жақсартуға атсалысады. Ал зейнеткерге массаж, емдік батпақ пен емдік ванна, сонымен қатар түрлі жаттығу мен би терапиясын алып, өзін сергек ұстауы, замандастарымен әңгіме дүкен құруының өзі бір ғанибет.

Гаухар Байжанова
16 шілде 2021 ж. 574 0