Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүгедектерді қолдау күн тәртібінен түспейді

Мүгедектерді қолдау күн тәртібінен түспейді

Тағдырдың маңдайына жазған ісін қара нардай көтеріп, еменнің иір бұтағындай мықтылық танытатын қайраты кемел, қажыры мол адамдарды көргенде қайран қалып, таңдай қағатының рас. Олар қай уақытта да көмекке зәру. Сол үшін де еліміз кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Өңірде осы мақсатта қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде ауданда 2362 мүгедек тіркелген. Оның ішінде І топтағы – 177, ІІ топтағы – 740, ІІІ топтағы – 1013, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 432-ні құрайды. Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов бейсенбі күні аудан әкімдігінің баспасөз брифингінде кеңінен айтып берді.
Мүгедектерге оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша 101-не санаторияға жолдама, 118-не ортопедиялық көмектер мен жүріп-тұру құралдары, тифлотехникалық, сурдотехникалық құралдар, сонымен қатар 614-не гигиеналық жабдықтау құралдары берілген. Қазіргі күні есепті кезеңге үйде қызмет көрсетілетін 120 жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге және 131 мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп жатыр. Мұнымен қоса аудандағы 234 мемлекеттік және 99 кәсіптік ғимараттарға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасалған. Ал қалған барлық ғимараттарға мүгедектерге қолжетімділік жасау үшін үйлестіру жұмыстары жүргізіліп, ұдайы бақылау үстінде.
– Елімізде болып жатқан пандемияға байланысты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы №109 бұйрығымен бекітілген «Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету туралы» қағидасына сәйкес, I, II, III топ пен 16 жасқа дейінгі мүгедектерге, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған аналарға сәуір, мамыр, шілде тамыз айларына 5567 теңгеден әлеуметтік көмек төленген болатын. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен халықты әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтарына, оның ішінде І топ мүгедектері мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған аналарға елу мың теңгеден қайырымдылық көмек көрсетілді. Оған қосымша I, II, III топ және 16 жасқа дейінгі мүгедектерге, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған аналарға сәуір, мамыр айларының коммуналдық өтемақылары өтелді, – дейді А.Төлегенов.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
17 қазан 2020 ж. 983 0