Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарықтан жарлық болмай тұр

Жарықтан жарлық болмай тұр

Ай басында атауы «Amanat» деп өзгерткен партия бүгінде өз саясатын толықтай қайта қарап, ел сенімінен шығуға мүдделі. Тіпті партия жұмысын жан-жақты жаңғырту мақсатында арнайы жедел қоғамдық қабылдау топтары құрылып, ауыл-аймақты аралауға кіріскен.
Дүйсенбі күні құрамында облыстық, аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері мен партия белсенділері, аудан әкімі, облыстық Саяси кеңес мүшелері мен облыстық басқарма өкілдері бар осындай топтардың бірі Шиелі ауданындағы Жөлек ауылына тұрақтады. Онда мобильді топ мүшелері ауыл тұрғындарының түрлі арыз-шағымдарын тыңдап, 20 дан астамын арнайы қабылдау парағына тіркеді.
Тұрғындар көтерген мәселелерге келер болсақ, көбінің айтары ауылдағы электр желілер мен тозығы жеткен трансформатор жайы. «Кешкісін тіпті қуат көзі азайып кетеді», – дейді тұрғындар. Бұл мәселеден хабардар екендігін жеткізген аудан әкімі былай деп жауап қайырды.
– Менің білуімше, аудандағы елді мекендердің жартысынан астамында осындай мәселе туындап отыр. Көпшілігінде электр желілері мен трансформаторлар ескірген. Бұл мәселені шешуге электр тарату торабы мекемесінің қауқары жетпегендіктен, біз аудандық бюджет есебінен электр желісі ескірген ауылдарға трансформатор сатып алу мәселесін қарастырдық. Алайда трансформатор сатып алған жағдайда онымен қоса электр желілерін де толықтай ауыстыруға міндетті болады екенбіз.
Ал оған кететін қаражатты аудандық бюджет көтере алмайды. Сондықтан жауапты басқармадан осы мәселе турасында рұқсат алуды көздеп отырмыз. Оң шешім шыққан жағдайда аудандық бюджет есебінен трансформатор сатып алсақ, оны орнатуды электр тарату торабы мекемесі өз мойнына алуға дайын.
Мұнан бөлек қабылдауда Ханқожа көліне су толтыру, балабақша ғимаратын тұрғызу, қоқыс полигонын орнату, Бәйгеқұм-Жөлек және Ортақшыл бағытында қоғамдық көлік ұйымдастыру, ауылға электр маманын тарту, жастар саябағын ашу, мәдениет үйінің жылу жүйесін экспертизадан өткізу, мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, амбулаториялық пункт салу секілді бірқатар мәселелер де айтылды. Аталған мәселерді мұқият тыңдап, арнайы қабылдау парағына тіркеген топ мүшелері болса, алдағы уақытта сала мамандарымен бірлесіп, шешудің түрлі жолдарын қарастыруға уәде берді. Тіпті, кейбір шешілуі қиын мәселелерді құрғақ уәдемен жылы жауып қоймай, нақты шешілетін мәселелерге ғана ден қоятынын ашып айтты.
Айта кетейік, мұндай қабылдаулар алдағы сәуір-мамыр айларында облыстағы 20 шалғай елді-мекенде өткізіліп, жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Рамазан ӘНӘПИЯ
29 наурыз 2022 ж. 818 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930