Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тастаяқтан тартысты турнир

Тастаяқтан тартысты турнир

Бейсенбі күні өткен қарттар күні мерекесіне орай арадагерлер үйінде тастаяқтан ерекше турнир өтті. Оны ұйымдастырған аудандық ардагерлер кеңесі болса, ал демеушілік жасағандар Бақытжан Орынбаев, Олжас Бауыржанұлы, Мұхамеджан Бекмырзаұлы секілді ағаларымыз болды. Аталған сайыстың мақсаты ақсақалдардың салауатты өмір салтын ұстануына қарттарды спортқа тартуға бағытталған.
Иә, тартысты бәсекеде құрметті демалысқа шыққанымен, қатардан қала қоймаған ақсақалдардың қарым қабілеті, жаңа бір қырынан ашылғандай болды. Ақсүйектер ойыны аталатын доданы аудан әкімі ­Нариман Мақұлбеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Пердәлі Архабаев, аудандық ардагерлері кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил құттықтау сөзбен ашып беріп, ардагер ойыншыларға сәттілік тіледі.
– Бұл ойын зейіннің зеректігін, сананың алғырлығын талап ететін спорт түрі. Бұнда қателіктерге жол жоқ. Себебі, сенің әр бұрыс соққың қарсылысыңның ыңғайына жығылып, жеңіске жетуін жеделдетуге ықтимал. Сондықтан да сақтық пен тиянақтылықты қажет ететін бильярдта ең алдымен ақылды іске қосады. Ал, біз секілді ардагер спортшылар үшін бұның пайдасы зор, – деді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Пердәлі Архабаев. Сондай-ақ, ауданның ардақты ақсақалы, білім саласының ардагері Сейітхан Тұрысбекұлы да өзінің ақжарма тілегін ақтарып, ақ батасын берді.
Бас төреші Сағындық Сұлтанов ойынның өту ережелерімен таныстырғаннан кейін, 8 ардагер спортшы жеребе бойынша жарыс жолына шықты. Қатысушылардың ширақ қимылы мен ептілігіне қарап, құдды бір жастар ойнап жатыр ма деп қаласыз. Оңайшылықпен берілер ешкім де жоқ. Барлығы да жүлде мінберіне шығу үшін аянып қалмауда. Сенімді соққы, шыр айналған шарлар, қырағылық пен нық қадамдар. Жетпіске таяса да қадамдарын жеңіл басқан ардагер спортшыларға қарап тамсанғанымыз рас.
Жалпы, ардагерлер арасында алғаш рет ұйымдастырылған бильярд біріншілігі өз діттеген мақсатына жетті. Денеге салмақ түсірмей, бір ойын барысында 15 шақырымға дейін жаяу жүрумен тең келетін бильярд ойынының денсаулыққа зор пайдасы бар екенін айта кетейік. Ойын өте әсерлі, әрі қызықты өтті. Ардагер қатысушылардың ішінде Тілеубек Бабасов бастаған бильярдшылар, атап айтатын болсақ, Ғани Есімов, Оспан Ысқақ, Қабілеш Бекішов, Қиянбек Жайсанбаев, Шағдарбек ­Саржанов, Асқар Орынбаев, Алихан Әбдірайымов секілді ардагерлер ойынды қыздырды. Сайыс қорытындысында бас жүлдені Асқар Орынбаев иеленсе, бірінші орынды Әлихан Әбдірайымов жеңіп алды. Екінші орынды Қабілеш Бекішов жеңіп алса, үшінші тұғырға Шағдарбек Саржанов көтерілді. Сонымен қатар, арнайы номинацияларда берілді. Атап айтар болсақ, Ғани Есімов «шебер» ойыншы атанса, Оспан Ысқақ «ұшқыр» ойыншы атанды, Тілеубек Бабасов «сабырлы», Қиянбек Жайсанбаев «белсенді» ойыншы номинациясымен марапатталды.
– Шеберлігімізде арта түскендей. Себебі, барлық қарсыласпен бақ сынасып, кіл мықтыны анықтау да оңай емес. Жасымыз біраз жерге келсе де бойымыздағы қуат пен күш таусылмаған. Барлық азаматтар жақсы ойын үлгісін көрсетті. Алдағы уақытта да осы іспеттес додалар ұйымдастырып, өскелең ұрпақты да салауатты өмір салтына тартуға барымызды саламыз, – деді бас жүлде алған Асқар ағамыз.
Сондай-ақ, осындай игілікті шараға демеушлік танытқан, жеке кәсіпкер Бақытжан Орынбаев бильярдтың тақтасын орнатып берсе, ойынға қажетті тастаяқты «Семізбай-U» ЖШС Иіркөл филиалы директоры Мұқанбетжан Салқынбаев арнайы сыйға тартты. Сонымен қатар, жомарт жандарды аудан әкімі Н.Әскербекұлы арнайы алғыс хатымен марапаттап, кәсіпкер азаматтың әкесі Асқар Орынбаевтың иығына жапан жапты. Жарыс соңында жеңімпаздарға ақшалай сый-сияпат беріліп, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлығы берілді.

Шапағат Тілеубаев
01 қазан 2021 ж. 667 0