Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейі үстем «Мерейлі отбасы»

Мерейі үстем «Мерейлі отбасы»

Отан – ортақ үйіміз. Қазақстан – қара шаңырағымыз. Сол қара шаңыраққа қараған сайын көңілде дақ тұрмайды – шапағат тұрады, жүрек түбіне шер тұнбайды – махаббат тұнады. Неге? Себебі сол алып қара шаңырақтың өзі отбасы деп аталатын шағын-шағын шаңырақтардан құралады. Онсыз ортақ үй де, ортақ Отан да болмақ емес. Отанды ұлықтадық екен, Отбасын да ұмытпайық, ендеше.
2013 жылдан бастап елімізде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы басталды. Бұл ауқымды жоба отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің қазақстандық имиджін қалыптастыруға арналды. Елбасының ұсынысымен қолға алған жоба – бүгінде нағыз халықтық мерекеге айналды. Жыл сайын бұл жобаға халықтың үлкен қызығушылықпен қатысып жүргенін көріп отырмыз. Жоба басталғаннан бері бүгінге дейін еліміздің 15 мыңнан астам жанұясы осы байқауда бақ сынады. Мұның өзі – біздің қоғамға отбасы құндылығын дәріптейтін, үлгі көрсететін ерекше жобаға айналғанын аңғартады. Әр жылы өтетін «Мерейлі отбасы» байқауында еліміздегі ең үлгілі отбасылардың өмірі насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы да дәстүрге айналған.
Биыл сегізінші рет өткізілген байқауға қатысқан шиелілік отбасыларды марапаттау үшін аудандық мәдениет үйінде «Отбасы – бақыт мекені» атты мерекелік кеш өтті. Шараны аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашты. «Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан отбасыға мұндай баға беруге әбден болады. Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі» деп үлгілі отбасыларға ілтипат білдірді. Мерекелік кештің көркін кіргізген аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашса, ақын Ержан Әміров арнау өлеңін оқыды.
Сахна төріне шыққан Сәрсенбаевтар, Усмановтар, Өтебаевтар, Кейқуатовтар, ­Таубаевтар, Байтілесовтер, Құрманбековтар, Жұмаділовтер, Сайлауовтар, Әбілдашевтер отбасына арнайы сый-сияпат ұсынылды. Айта кетейік, Жиделарық ауылындағы Әбілдашевтер отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық деңгейдегі бас жүлде иегері атанған болатын. Бұл күндері 7 ұл, 3 қыздан 42 немере 11 шөбере сүйіп отырған үлкен шаңырақтың бұл жеңісі ауданның абыройын арттыра түсті. Өнегелі отбасын аудан халқына үлгі еткен мерекелік шарада мерейі үстем болды. Одан әрі, тағылымы мол шара енді ғана шаңырақ көтерген жас отбасы Расул Жұмаділдаұлы мен Гүлнұр Бейсенқызына неке куәлігін табыстау рәсімімен жалғасты.
Дәстүрлі байқауға айналған «Мерейлі отбасы» қазақ халқының мерейін асырмаса, кеміте қоймасы анық. Алтын құрсақты аналарды, тәрбиелі отбасыларды насихаттай отырып, жас шаңыраққа жол сілтейді. Қазақтың тарихында киелі отбасының қасиетті ұрпақтары туралы, олардың ел өміріндегі алатын орны, сіңірген еңбегі, қалдырған рухани байлығы, үлгі боларлық тірліктері, өнегелі өмірлері туралы мысалдар көп. Уақытында бізге бай, феодал ретінде оқытылған Құнанбайдың өзі тегін адам болмаған­дығын еліміз егемендікке жеткенде ғана білдік. Кішкене артық сөйлеп кетіп «Мен сізден оздым, әке, мені бүкіл қазақ таниды» деген Абайға, «Е, Абай, сен менен оздым деуің үшін әуелі мен құсап өзің сияқты ұл тудырып ал» деген сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өнегелі сөз емес пе?

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
10 қыркүйек 2021 ж. 1 077 0