Бағбанның базарлығы

Әйтсе де ұстазға гүл беру мен бермеу өз еркіңізде. Білім министрі А.Айтмағамбетов айтқандай біреулер жемқорлық деп санаған дүниені біз жемқорлық деп есептемейміз. 1 сынып табалдырығын енді аттаған балалардың ұстазға гүл беруі ең алдымен құрмет, одан кейін қуаныш, сыйластық. Осындай қуанышқа жаңа оқу жылының алғашқы күнінде біз де куәгер болдық.
Гидротехниг, су саласының ардагері Әлияр Сейітов 7 жылдан бері 1 сынып оқушыларының жүзіне қуаныш сыйлап келеді. Жылдағы әдет бойынша түрлі гүлдерді баптап, өсіріп, 1 қыркүйекте Алмалы, Тоғайлы, Жансейіт, 21 бекеттің кішкентай тұрғындарына ұстатады. Биыл да бұл шара өз жалғасын тапты. Тек карантиндік талаптарды сақтауына байланысты биылғы гүл тарату шарасы 21 бекет пен Жансейіт бүлдіршіндеріне ғана үлестірілді. Сондай-ақ, өткен жылдардан ерекшелігі биыл әр оқушыға 1 себет алмадан қоса ұстатты.
– Бұрындары 100-ге жуық 1 сынып оқушысына гүл үлестіретінбіз. Мұндағы мақсат – ата-аналардың қалтасына салмақ салмау, баланы осындай шаралар арқылы тәрбиелеу, бір сәтке болса да қуаныш сыйлау. Мұндайды көріп өскен бала ертең және қазірден жақсылық жасауға, әркез жәрдемші болуға асығып тұрады. Адамгершілік қасиеттерін бүлдіршін кезінен бала бойына сіңіру тек ата-ана мен мұғалімдердің мойнындағы міндет емес. Кез келген адамның жақсылығын көрген бала, өскенде айналасына шуағын төгіп жүретін болады, – деді Ә.Сейітов.
Еңбек демалысына шықса да тәрбиелік мәні бар, келешек ұландарға үлгі боларлық іс атқаруға дайын ардагердің ісіне ұжымы мен зайыбы Құттықыз апай да әркез қолдаушы болып жанынан табылады.
Айтулы шараға Алмалы округінің әкімі Ә.Мамбетов, №243 орта мектебінің директоры Ж.Қуандықова, №133 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ж.Қалымбетова қатысты. Алмалы округінің әкімі 1 сынып оқушыларына білім жолында үздік оқушы атаныңдар деген лебізін білдірді. Ал Ж.Қуандықова:
– Осы бастамаңыз жыл сайын жалғасын таба берсін. Балалардың мерейі үстем болып, оқу озаты болсын. Сіздердің іздеріңізбен жақсылық жаршысы атана берсін! – деп, сәттілік тіледі.
Мектепке кіруге асыққан 1 сынып оқушылары мектеп формасын киіп, дайын тұр. Бір жарым жылдан бері бантик таққан, сөмке асынған, ақ көйлек пен қыр шалбар киіп жүрген балаларды көрмегесін, бұл мектеп формасы бізге сағыныш сезімін ұялатып, қуанышымызды еселетті.
Ақбота Баянбай