Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Игі істің басына – жақсы келер қасына

Игі істің басына – жақсы келер қасына

Қазақта «Игі істің басына – жақсы келер қасына» деген қанатты сөз бар. Ауданда қашанда игі бастамаларды қолға алып, көпшіліктің құрмет-қошеметіне ие болып жүрген азаматтар жетерлік. Олардың қатарында Әлияр Сейітов те бар.
Ә.Сейітов – бау-бақшадан бөлек, гүл өсіруге жаны құмар азамат. Ол 4 жылдан бері «1 қыркүйек – Білім күніне» орай көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға гүл таратуды әдетке айналдырып келеді. Биыл да дәстүрден жаңылмай, 60-тан астам 1-ші сынып оқушыларына гүл тарту етті. Бүлдіршіндер Алмалы, Жансейіт, Ызалы көл, 21 бекет ауылдарынан жиналды. Байқағандарыңыздай, алғаш 2 мектептің балаларына гүл таратқан бағбан, биыл олардың қатарын 2 есе өсірген. Яғни бұл олардың қатары жыл сайын көбейіп келеді деген сөз.
Аталған шараға «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасы бірінші орынбасары Патима Маханбет, Алмалы ауылының әкімі, мектеп директорлары, ардагерлер, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Жиналған көпшілік оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім жолына алғаш аттаған қадамдарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ осы шараны ұйымдастырған азаматтарға да алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
– «Мектепке жол» акциясына әрбір азамат қолдан келгенше атсалысуы қажет. Өйткені, тұрмыс жағдайы төмен және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға көмек қолын созсақ, олардың жүзіне күлкі үйіріледі. Өмірде балалардың жылы, қуанышты жүзін көруден артық не бар? – дейді Әлияр аға.
Осылайша қолына құшақ-құшақ гүл ұстаған балалар жаңа оқу жылына аяқ басты. Ал біз бүлдіршіндердің жүрегіне жылу, жүзіне қуаныш сыйлайтын іс-шаралар көбірек болса деген ниеттеміз.

Фариза КЕНЖЕШОВА

03 қыркүйек 2019 ж. 4 065 0