«ENGLISH FOR JASTAR» жобасының берері мол
«Nur otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы ауылдық мектеп оқушыларына ағылшын тілін тегін оқытатын «English for Jastar» жобасын былтыр қыркүйек айында іске қосқан болатын. Бұл жобаға облыс бойынша 11 ерікті іріктеліп таңдалып, арнайы тестілеуден және сұхбаттасудан өтті.
Ауданнан «English for Jastar» жобасында ерікті болған Н.Сейтжапбар 2 ай оқушылармен еркін форматта кездесулер ұйымдастырып, семинар-тренинг, пікір сайыстар өткізіп, жастардың ағылшын тілін меңгеруге бар күшін салды. Ол №214 орта мектептің 2 сыныптан 7 сынып арасындағы оқушыларға ағылшын тілін үйретті. Аталған мектепте ағылшын тілінен мұғалім болып қызмет ететін Н.Алматбайқызы 2 кезең бойынша 54 сағат оқушыларды білім нәрімен сусындатты. Бірінші этап, яғни, былтыр 21 қыркүйек пен 21 қараша арасында 18 оқушының ағылшын тілінен білімін жетілдірді. Ал, екінші этап биыл 29 қаңтарда басталып, 29 наурызда аяқталды. Бұған 27 оқушы қатысты. Жобаға қатысқан оқушылар «first friends1», «family and friends1», «elementary», «pre-intermetite» деңгейлері бойынша ағылшын тілін меңгерді.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл жастарының ағылшын тілін тегін оқуына жағдай жасау, ағылшын тілін үйренуіне жан-жақты қолдаулар көрсету еді. «English for Jastar» жобасы №214 орта мектепте жуырда жабылуы болып, ағылшын тілін оқыған 27 оқушыға «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет сертификат табыстады. Сонымен қатар, жоба аясында белсенділік танытып, көзге түскен оқушылар А.Қалышбек, Н.Сейтжапбар, А.Тұрманова, Ұ.Сейтжапбаровалар үздік деп танылды. Осылайша, мектептің директоры Ү.Ахметов пен директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Б.Қалдыбекке қолдау білдіргендеріне П.Маханбет алғысын айтты. Сондай-ақ, ата-аналар комитетінің төрайымы К.Қошқарова оқушыларға биіктерден көріне беріңдер деген тілегін жеткізді.
Ж.Қауғанбаева.