Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Самғау» оқу орталығы ашылды

«Самғау» оқу орталығы ашылды


«Самғау» оқу орталығының мақсаты – өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ақылды да алғыр, бәсекеге қабілетті, үш тілді меңгерген азамат дая­рлап шығу. Білім ордасы заманауи техникамен жабдықталған. Бүгінде 15 мұғалім қызмет көрсетіп, 250 оқушыға бағыт-бағдар беріп, таным көкжиегін дамытуда.

Бұл орталық алғаш жұмысын 2013 жылы «Shieli english world» ағылшын тілін үйрететін курс ретінде бастаған. Уақыт өте келе, халықтың сұранысына байланысты, үлкен орталыққа айналып отыр. Екі қабатты оқу орталығы 30 млн. теңге көлемінде жеке кәсіпкердің қаржысына салынды. Қазір ағылшын тілін меңгеру, білу, заман талабы болғандықтан, қолданыс аясы жыл өткен сайын дамып, артып келеді. Осы күнге дейін 3 мыңға жуық балалар білім алып, қанаттандырды. Сонымен қатар, білім ордасында бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларына математика, ағылшын, қазақ тілі, орыс тілі, көркем жазу, оқу техникасы, сабақтары оқытылса, 5-6 сынып оқушыларын Назарбаев зияткерлік мектебіне даярлайды. Мектеп бітірушілерге ҰБТ пәндеріне қосымша дайындық жүргізіліп, Дарын мектебіне оқуына мүмкіндік жасау үшін, толықтай біліммен шыңдап, оқу ордасына дайындайды.
Жас кәсіпкер Мөлдір Дүйсенова қайырымдылық ең ізгі қасиеттің бірі екенін негізге ала отырып, әр ай сайын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 30 балаға тегін білім беріп отыр. Өзі жетекшілік ететін оқу орталығындағы шара барысында «Жақсылық жасап жарысайық» атты акциясын өткізіп жатқандығын көпшілікпен бөлісті. Бұл акцияның мақсаты көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына демеуші болып, 6000 теңгенің курсын 4000 теңге арқылы білім нәрімен сусындатуға толық мүмкіндік бар екен айтып, қуанышты жаңалығымен бөлісті. Осы игілікті бастаманы қолы ашық қоштаушысы ретінде ауданнан ақылды да зерек азамат шығуына үлесіңізді қосып зор мүмкіндік жасай аласыз. Осындай мүмкіндіктің арқасында қайырымдылық пен жомарттықтың үздік үлгісіне куә қылдырып, талайға озық ой, өшпес өнеге көрсететін демеуші жандар көбірек тартылса, келешек ұрпақ білімді, саналы бола бермек. Халыққа қалтқысыз қызмет етуді – басты мұрат еткен кейіпкеріміз жас­та болса, үлкен істі тындырып, аудан жастарының білімін жетілдіру үшін аянбай тер төгіп келе жатқаны көпке үлгі. Қашанда қайырымды, берекелі іс оң нәтижесін бермек.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
03 сәуір 2019 ж. 2 309 0